Ақтөбе облысында спорт кешендерінің құрылысы аяқталмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында спорт кешендерінің құрылысы аяқталмай тұр

27.11.2023

Көзбояушылық жасалған ба? Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында салынған спорт кешені ашыла сала, қайта жабылды. Нысанның ашылу салтанаты жылдың басында өтіп, тіпті, балалардың қатысуымен спорттық сайыстар да ұйымдастырылған. Алайда, Петропавл ауылы тұрғындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Оған не себеп?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Спорт кешені осы жылдың ақпан айында сол кездегі облыс әкімінің қатысуымен салтанатты түрде ашылған еді. Жауаптылар нысан құрылысының мерзімінен бұрын аяқталғанын айтып, мақтана есеп берген.Алайда, 9 айдан бері мекеме есігі тарс жабық тұр.

Мына бейнелер осы жылдың ақпан айында түсірілген. Жауаптылар өңір басшысына спорт кешенін таныстырып, құрылысы толық аяқталмаған нысанға балаларды кіргізген. Алайда сол кезде нысанның дайын екендігін растайтын бірде-бір құжаты болмаған.

Нұрбек Сейілов, ауыл тұрғыны:

Көзбояушылық болды. Ашылуы болды. Бәріміз қуанған едік, қазір жабық тұр. Ауыл жастары кешке қарай қайда барарын білмейді.

Қуаныш Құрмашев, ауыл тұрғыны:

Іште волейбол, футбол, тренажеркілер бар. Келдік, бір күн дайындалдық болды.Содан кейін істемейді. Әлі істелмеген жұмыстар бар деді.

Қазір спорт кешенінің аумағында ешкім жоқ. Аулада сынған қыш тақтайшалары әлі жатыр. Ауыл тұрғындарының құрылыстың сапалы жүргізілгеніне де күмәні бар. Айтуларынша, жертөлесі бұған дейін суға толған. Жылу жүйесі жұмыс істемей тұрғанын ауыл әкімінің өзі растады. 240 балаға арналған бұл нысанның құрылысына 279 млн теңге бөлінген. Жауаптылар жаңа спорт кешені жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп сендірді.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда нысан құрылысы толығымен аяқталды. Бірақ құжаттар рәсімдеу әлі де жүргізілуде.Осыған дейін жерге қатысты құжаттармен мәселелер болды.Қазіргі таңда ауданмен бірлесіп, қалпына келтіріп, жұмыстар жасалып жатыр.

Облыста бұдан өзге құрылысы тоқтап тұрған тағы бірнеше нысан бар. Мәселен, Әйтеке би ауданының орталығындағы 150 орындық мына спорт кешені 2018 жылы салына бастаған. Алайда, ұзақ уақыттан бері құрылыс маңында тірі жан жоқ. Салдарынан іргетасы шөгіп, қабырғаларына сызат түскен. Енді жоба қаржысы қайта қаралып, іргетасын қалаған компания жауапқа тартылмақ.

Жақсыбек Кемал


Ақтөбе облысы

Хабарламаларға жазылу