Астанада балалар арасында қызылша өршіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада балалар арасында қызылша өршіп барады

24.11.2023

Астанада балалар арасында қызылша өршіп барады. Қалалық балалар ауруханасына жедел-жәрдеммен түскен науқастың саны 200-ден асты. Олардың жетеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал екі баланың өкпесі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жағдайды Тәуірбек Бозекен көріп қайтты.

Қазір жансақтау бөлімінде қарбалас. Жаңа ғана жансақтау бөлімінде 6 бала жатыр деп едік. Менің көзімше қазір 7-ші баланы алып келді. Ол 10 айлық бала екен. Жағдайы өте, өте ауыр.

Реанимацияға жеткізілген балалардың ең кішісі бес айлық, ал үлкені бір жарым жаста. Бұл жерге сәбилердің анасының кіруіне де тыйым салынған.

Тәуірбек Бозекен, тілші:

Дәл осы жерде жатқан екі сәби тыныс беру аппаратымен демалып жатыр. Өйткені, олардың екі өкпесі де қабынып кеткен дейді. Дәрігерлердің айтуынша қызылша тек өкпені ғана емес ішек жолдарын, бүйректі асқындырып жібереді екен.

Қазір астанадағы нөмірі үшінші көпсалалы қалалық балалар ауруханасында төсек санын екі есе көбейткен. Дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Роза Өтегенова, қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары:

Енді күнделікті, қарап отырсақ ауруханамызға 300-ден астам бала келіп қаралады. Бірақ оның бәрін жатқызбаймыз. Оның ішінде, жеңіл түрде, орташа түрде , емханада ем алатындарды қарап, оған кеңестерін беріп. Егерде көмек қажет болса оны көрсетіп үйлерінее нұсқаларымен жібереді.

300 адамға есептелген бөлім, қазір 557 науқасты қабылдауға дайын. Ауруханада жатқан 200 баланың 20 пайызы бір жасқа толмаған сәбилер. Қалғаны 7 жастан асқандар. Дәрігерлер олардың 96 пайызы екпе алмағандар деп отыр.

Роза Өтегенова, қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары:

Түсіп жатқан ата-аналарға түсіндіріп вакцинаның қажеттілігін, вакцина алмаған жағдайда қандай күйге жету мүмкін, осы балалар ауыр жағдайда деген сияқты түсінік жұмыстарын жүргіземіз, әрине. Кейбірулері өкініп жатады, әрине. Балалары өте ауыр хәлде түсіп мазаларын алған кезде жаңа ғана түсініп жатқандай болып жатады ата-аналар.

Қызылша өте жылдам таралатын ауру. 10 адамның біреуі ауырса болды, қасындағы тоғызына да жұғады. Иммунитетті әлсіретіп тастайды, алғашқы белгілері 8-10 күннен кейін бір ақ білінеді. Дәрігерлер балаларға қызылшаға қарсы екпе салдыртып, адамдар көп жүретін жерлерге бармауға кеңес береді.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу