Қызылордада қоғамдық көлік паркі 200 жаңа автобуспен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада қоғамдық көлік паркі 200 жаңа автобуспен толықты

22.11.2023

Қызылордада автобус паркі соңғы екі жылда үлкен сыйымдылықты 200 дана жаңа автобуспен толықты. Бүгінде қалада қоғамдық көлік қатынасы жақсарып, шаһардың шеткі аумақтарына жаңа бағыттар ашылды.

Жалпы қала бойынша күнделікті 500-ден аса қоғамдық көлік жолға шығады. Соның ішінде, «Қызылорда автобус паркі» серіктестігі былтырға дейін небәрі 5 бағытта жолаушы тасымалдаса, жаңа автобустардың келуімен жағдай едәуір түзелді. Қазір қалаішілік 20 бағыт бойынша 200 үлкен сыйымдылықты автобус халыққа қызмет көрсетіп жатыр.

Сондай-ақ, тұрғындардың талап-тілегімен қалаға жақын елдімекендер мен саяжайларға да автобустар тұрақты қатынайтын болды.

Мақсат Жүсіп, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры:

Тоқтап қалған бағыттардың барлығын аштық. Халықтың сұранысы бойынша. Алдағы уақытта да тағыда 100 дана үлекн сыйымдылықты автобустар келіп жетеді. 34 бағыттың барлығын осы жаңа автобустармен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар.

Жергілікті биліктің қолдауымен қоғамдық көліктердің жолақы тарифі төмен бағада бекітілді. Қазір жолаушылар онлайн 85, қолма-қол 130 теңге төлейді.

Дінмұхаммед Исламов, қала әкімінің орынбасары:

Қазір 232 теңге есеппен қарағанда, соның 85 теңгесін халық төлейді. Қалған үстіндегісін облыстық бюджеттен субсидия жасап жатыр.

Автобус паркінің материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай жабдықталған. Мұнда автобустар толықтай сервистік тексеруден өтіп, қоғамдық көлік қатынасына жіберіледі.


Ә.Серікұлы

Хабарламаларға жазылу