Қызылордада қоғамдық көлік қатынасына су жаңа 40 автобус қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада қоғамдық көлік қатынасына су жаңа 40 автобус қосылды

21.10.2022

Қызылордада ұлттық мереке - Республика күніне орай тұрғындарға керемет тарту жасалды. Қаладағы қоғамдық көлік қатынасына су жаңа 40 автобус қосылды. Ал шаһардың шет аумағынан жеке кәсіпкердің қаржысына салынған 300 орындық жаңа балабақша ел игілігіне берілді.

Бөбекжайға келген балақайлардың жүздері бал-бұл жанып, би-билеп, ән айтып шаттанып жүр. Үш қабатты зәулім ғимараттың бөлмелері кең, әрі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Бір мезетте 300 бүлдіршінді қабылдайтын мүмкіндігі бар балабақша тұрғындар саны еселеп өскен аудан тұрғындарының көптен бергі талап-тілегі болатын.

Светлана Ментаева, балабақша меңгерушісі:
Бізде 2 жастан бастап, 6 жасқа дейінгі бала қабылдаймыз. Мектепке дейінгі мантосорри, робототехника, ағылшын осы бағдарламалар бойынша жүреміз. Қазіргі таңда 110 бала тізімде тұр. Қабылдау жүріп жатыр.

Мереке қарсаңында қалаға су жаңа автобустар келіп, облыс әкімінің бастамасымен қоғамдық көлік қатынасындағы түйткүлді мәселе шешімін тапқандай. Биыл жергілікті билік 150 автобус алуға 1 миллиард 400 миллион теңге көлемінде инвестиция тартып отыр. Бүгінде соның 60-ы жеткізіліп, қалаішілік тасымалға берілді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Қала халқының сұранысына сәйкес, біз мына 40 жаңа автобусты ел игілігіне табыстағалы отырмыз. Енді осы алдағы қараша айларында қалған автобустар толығымен келіп, ел игілігіне қызмет ететін болады. Бұл автобустарда барлығы қамтылған, халыққа өте ыңғайлы.

Сондай-ақ, балалар жылы аясында аймақта кәсіпкерлердің демеушілігімен жалпы құны 1 миллиард 600 миллион теңгеге 80 спорттық ойын алаңы салынып, айшықты мерекеде жастарға жасалған тамаша тарту болды. Мұнан бөлек, республика күніне орай облыста 10-ға жуық жаңа нысан ел игілігіне берілді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу