Президенттің сайлауалды бағдарламасы: Жетісу облысындағы ауылдар өркениет игілігіне қол жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің сайлауалды бағдарламасы: Жетісу облысындағы ауылдар өркениет игілігіне қол жеткізді

20.11.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылды өркендету ісіне баса назар аударған болатын. Ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлық қабылданып, бес жылға арналған нақты жоспар да әзірленді. Бағдарламаның жемісін Жетісу облысының елді-мекен тұрғындары да көре бастады.

Биыл Мұсабек ауылдық округіне көптен күткен көгілдір отын кірді. Жаңа ойын алаңдары мен блокты-модульді медициналық пункттер ашылды.

Мұсабек ауылдық округіне қарасты Мәулімбай ауылындағы медициналық пункт осыдан бір ай бұрын ғана ашылды. 200-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Ескі ғимаратта ешқандай жағдай болмап еді. Қазір халыққа да, жұмыс істейтін бізге де қолайлы болды дейді, медбике Нұргүл Қасенова.

Нұргүл Қасенова, медбике:

Науқастарды қабылдағанға да ыңғайлы бәрі. Әрқайсысының өз бөлмесі бар. Қабылдау бөлмеміз, екпе бөлмесі деген сияқты.

Ал Мұсабек ауылының өзіне жақында табиғи газ тартылды. Қазірдің өзінде көгілдір отынға 50 шаңырақ қосылып, қалғаны шетінен ауласына құбыр тартып жатыр. Орталықтан көмір тасып, әуре-сарсаңға түсетін ауылдағы ағайынға биылғы қыс жайлы болмақ.

Саяжан Садықов, ауыл тұрғыны:

Жаңадан асфальттар салынды. Одан кейін көптен күткен газ кірді. Осы бір айдың төңірегінде 40-50 шақты отбасы қосылып, нұр үстіне нұр болып, халық қуанып жатыр.

Бір жылда ауылдың біраз мәселесі шешілді. Десе де, елді-мекенде мәдениет үйі жоқ. Бірақ көшелердің жолын жөндеу, жарық шамдарын тарту жұмысы кезек күттірмейтін шаруа болып тұр.

Ербол Тантыбай, Мұсабек ауылдық округінің әкімі:

Ауылда жеті көшеге жарық шамдарын орнату бойынша бүкіл жұмыстарын аяқтап, 89 млн-ға жоба жасап қойдық. Одан кейін үш көшемізге асфальт төсейміз деп жоспарлап отырмыз.

Президент сайлауынан кейін Мемлекет басшысының ең алғашқы Жарлығы ауылды дамыту мәселесі туралы болатын. Бүгінде бұл құжаттың арқасында Жетісу облысының біраз елді-мекені өркениет игілігіне қол жеткізе бастады.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу