Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр

02.03.2023

Саяси науқан жақындаған сайын сайлауға түсетін партиялар мен кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Өңір-өңірлерді аралап, өздерінің тұғырнамаларымен халықты таныстырып жүр.

Атырау облысы

«Amanat» партиясының сайлауалды штаб өкілдері Атырау облысындағы сайлаушылармен кездесті. Мұнайшылардың, кәсіпорын қызметкерлерінің және шалғайдағы елді мекен тұрғындарының мәселесіне құлақ түрді. Ұсыныстарын тыңдады. Сонымен бірге, саяси ұйым өкілдері сайлауалды бағдарламасындағы коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және экологиялық жағдайды жақсарту шараларын талқылады.

Абай облысы

«Ауыл» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Абай облысында жалғасты. Кандидаттар Семейдегі ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк көліктерін құрастыратын зауытқа барды. Қызметкерлерімен кездесіп, еңбек жағдайымен танысты. Техникалық қауіпсіздіктің маңыздылығы туралы әңгімелесті. Саяси ұйымның тұғырнамасын түсіндіріп, қатысушылардың қойған сауалдарына жауап берді.

Қостанай облысы

«Respublica» партиясының кандидаттары Қостанай өңіріндегі ірі кондитерлік фабриканың біріне барды. Мұнда өздерінің негізгі тұғырнамасын таныстырып, сайлаудың маңызы жайында сөз қозғады. Ал фабрика қызметкерлері өндірісте заманауи техникамен жұмыс істеу жолға қойылғанын жеткізді. Одан соң партия өкілдері қаладағы орталық штабта атқырылған жұмыстардың қортындысын шығарып, алдағы жоспарларын бір нақтылап алды.

Алматы

«Қазақстан халық» партиясының үміткерлері Алматыдағы спорт кешенінде кездесу өткізді. Жиынға хоккей, мұзда мәнерлеп сырғанау спортының жаттықтырушылары мен өзге де қызметкерлер қатысты. Партияның тұғырнамасымен танысқан олар қоғамды толғандырған әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтарды ортаға салды. Штаб өкілдері сондай-ақ қаладағы сусындар шығаратын кәсіпорын ұжымына барды.

Астана

«Байтақ» жасылдар партиясы Эстонияның жасылдар партиясымен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісім онлайн форматта өтті. Қос ұйым құжат аясында ғылым, білім және экология саласында тәжірибе алмасуды көздеп отыр. Іс-шара барысында байтақтықтар өздерінің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, Қазақстанда өтетін науқанның маңыздылығына тоқталды. Қазір партияның үгіт-насихат жұмыстары аймақтарда да өтіп жатыр.

Қарағанды облысы

«Ақжол» партиясының кандидаттары үгіт-насихат жұмысын Қарағанды облысында жалғастырды. Алдымен өңірдегі ірі өндіріс орнында мамандармен кездесіп, сайлауалды тұғырнамасын түсіндірді. Сондай-ақ қалалық аурухананың дәрігерлеріне де саяси ұйымның бағдарламасы кеңінен баяндалды. Кандидаттар ақ халаттылардың өтініш-тілектерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Жиында әлеуметтік-саяси мәселелер кеңінен талқыланды.

Астана

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Саяси ұйым мүшелері волонтерлермен бірге елорда көшелерін аралап, көпқабатты үйлердегі хаттама жәшігіне плакаттарын орналастырды. Тұрғындар көп шоғырланған жерлерге парақшаларын таратып, жолаушыларға сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Республикалық штаб басшысының айтуынша, үгіт жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жүріп жатыр.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу