Еуропалық одақ Қазақстанмен барлық салада байланысты бекемдеуге дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық одақ Қазақстанмен барлық салада байланысты бекемдеуге дайын

14.11.2023

Еуропалық Одақ Қазақстанмен барлық салада байланысты бекемдеуге бейім. Өзара іскерлікті нығайту үшін Еуропалық парламент пен біздің елдің депутаттары Брюссельде Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-отырысында бас қосты.

Мәртебелі жиынға Қазақстан делегациясын Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастап барды. Отырыста әріптестер жаһандық өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.

Қазақстан мен Еуропарламент депутаттары жылына бір мәрте кездесіп, ынтымақты арттыру жайын талқылайды. Кезекті 20-басқосуға да қос тарап өкілдері тың дайындықпен келген. Елдің мүддесі, қарапайым халықтың игілігіне қажетті дүниелер мен достықты нығайту үшін атқарылатын жұмыстар басты назарда.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, «Қазақстан-еуропалық одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің теңтөрағасы:

Күн тәртібіміз өте ауқымды. Көптеген мәселелерді қамтиды. Саяси диалог, сауда, экономикалық ынтымақтастық, заңның үстемдігі, адам құқықтары және де тек қана Қазақстан емес, Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастықты талқыладық.

Басқосуда тараптар ғылым, білім, сандық технологияны дамытуда тәжірибе алмасу қажеттігін баса айтты. Фитосанитария, жасыл энергетика, көлік, логистика саласында да ынтымақты күшейтпек. 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы транзит көлемін 35 млн тоннаға жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, Еуропарламент мүшелері Қазақстандағы саяси-құқықтық реформаларды жоғары бағалап отыр.

Томаш Здеховский, Еуропалық парламенттің орталық азия және монғолиямен байланыс делегациясының жетекшісі, еуропарламент депутаты

Елдеріңіздің демократиялық мемлекет құру жолында көптеген реформалар жүргізгеніне қуаныштымыз. Бұл қазақ қоғамы үшін өте маңызды. Еуропарламент Қазақстан азаматтары үшін виза рәсімдеуді жеңілдетуді толық қолдайды. Осы тұрғыда мен Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс делегациясының жетекшісі ретінде Еурокомиссия мен оның төрайымы Урсула Фон дер Ляйенге хат жолдап, осы мәселені ілгерілетуді сұраймын.

Ауғанстан жастарын оқытып, шам еліне гуманитарлық көмек көрсетіп отырған Қазақстанның бейбіт бастамаларына да Еуропарламент өкілдері жоғары баға берді. Ашық диалог алаңындағы кездесу келесі жылы енді Астанада жалғасады.


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу