Топар кенті карантиннен шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Топар кенті карантиннен шықты

09.11.2023

Қарағанды облысының Абай ауданындағы Топар кенті карантиннен шықты.

Бұл ауылда екі апта бұрын қараталақ ауыруы тіркеліп, қауіпті кеселден бір адам қайтыс болған. Тағы екі адам әлі ауруханада жатыр. Қазір олардың жағдайы бір қалыпты. Топар кентіндегі жағдайдан соң аудандық ветеринарлық станция басшысы жұмысынан босатылды. Ал мал дәрігерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Мамандардың айтуынша, қорадағы малын уақытылы ектірмеген үй иесінің де кінәсі бар. Карантин кезінде сойылған ауру торпақтың еті түгел жойылған. Біраз бөлігі көршілері мен туыстарына берілгені де анықталған. Абырой болғанда уақытылы жинап алынған. Кентте 11 мың тұрғын бар. Өзге инфекция жұқтырғандар жоқ. Сондай-ақ ауру малмен бір қорада тұрған үш бас сиыр да алынған. Ол шығын республикалық бюджет есебінен өтеледі. Елді мекендегі 90 аулаға дезинфекция жүргізіліп, төрт түлік түгел вакцинацияланған. Ал қауіпті инфекцияның қайдан тарағаны әзірге белгісіз.

Данияр Мерғазин, облыстық ветеринариялық инспекция басшысының орынбасары:

Осы саладағы білікті мамандардың пікірі бойынша ол енді сыртта жайылмаған мал болғандықтан, бұл тек қана азықтық жолмен ғана жұғуы мүмкін деген болжам бар. Жем-шөптен бірнеше сынамалар жібердік. Бірақ осы күнге дейін ол сынамалардан ештеңе табылмады.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу