Мәскеуде қазақ майталмандарына арналған көрме ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде қазақ майталмандарына арналған көрме ұйымдастырылды

08.11.2023

Павлодарда орналасқан Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайы Мәскеуде көрме өткізді. Бұл шара Ертіс-Баян өңірінен шыққан, бүкіл қазақ еліне есімі аян мәдениет пен өнер саласының майталмандарына арналған. Мәскеудегі басты театрлардың бірінде ашылған экспозицияда ақын, тарихшы, этнограф, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев, ақын Естай Беркімбаев, драматург Жүсіпбек Аймауытов пен Жұмат Шанин, қазақтың әйгілі режиссері Шәкен Айманов және алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат Нәзір Төреқұловтың жәдігерлері қойылды. Бұл тұлғалардың тағдыры Мәскеумен байланысты болғанықтан, олар осы экспозицияға біріктірілген, - дейді ұйымдастырушылар.

Ербол Қайыров, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының басшысы:

«Жұмат Шанин осыдан 87 жыл бұрын Қазақстанның 10 күндігіне қатысып, осында болған болатын. Тарих қайталанып жатыр деуімізге болады, осында келіп отырмыз. Біз де өткізіп жатырмыз. Сол секілді қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, актер, кино саласының майталманы Шәкен Аймановтың да жеке заттарын әкеліп отырмыз. Соның ішінде естеріңізде болса «Атаманның ақыры», «Конец атамана» фильмінің осында тұсаукесері өткен болатын.»

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу