Республика күніне орай Жаңақорған ауданында 50 отбасы үйлі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республика күніне орай Жаңақорған ауданында 50 отбасы үйлі болды

21.10.2023

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында Республика күніне орай және аймақтың 85 жылдық мерейтойы аясында бірқатар нысандар ел игілігіне берілді. Жайылма ауылында жаңадан клуб ашылса, аудан орталығында 50 отбасы қоныс тойын тойлады. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» жобасымен алғашқы білім ошағының іргетасы қаланды.

Жайылма өнерге кенде емес, талай таланттар түлеген елдімекен. Еңбекпен өсіп-өркендеген ауылда биыл жаңа клуб бой көтерді. Мәдени нысанда 150 орындық көрермен залы, түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған. Мұнда өнерге жаны құмар жастар ғана емес, ауылдың ақжаулықты әжелері де көпті шығармашылығымен тәнті етіп жүр.

Сондай-ақ, мерейлі мереке қарсаңында ауданда баспана тауқыметін көріп келген 50 отбасы қоныс тойын тойлады. Тұрғын үйлер түгелдей көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы жанұяларға берілді.

Майнұр Беласарова, көпбалалы ана:

Кезекте тұрғанымызға 10 жыл болды. Алты балам бар. Көпбалалы ананың жағдайын ойлап бізге баспана беріп жатыр. Иә, қуанышымызда шек жоқ. Отбасымызбен қуанып жатырмыз.

Жаңақорған демографиялық өсімі жоғары облыстағы бірден бір аудан. Соңғы жылдары кентте мектеп тапшылығы байқалады. Осы орайда, Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында аудан орталығынан 600 орындық білім ордасының алғашқы іргетасы қаланды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Оның көбісі падалануға берілді. Жайлы мектептің екеуі Жаңақорған ауданында салынуда. Міне, бірі қазір 600 орындық жаңа мектеп, екіншісі Жаңаарық ауылында 300 орындық жайлы мектептің құрылысы қазіргі таңда жүргізілуде.

Жалпы ауқымды жоба арқылы облыс көлемінде 21 мектеп бой көтереді. Соның 11-інің құрылысы биыл басталмақ.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу