Алматыда жекеге өткен жатақханалар тексерілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жекеге өткен жатақханалар тексерілуде

18.10.2023

Алматыда заңсыз жекешелендірілген жатақханаларды қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, 30 жылдың ішінде бір ғана Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 10-нан аса ғимараты жекеге өтіп кеткен. Оның екеуі студенттер жатақханасы болған. Бұл деректерді Бас прокуратура біртіндеп тексере бастаған. Әзірге оқу орнының бір жатақханасы университеттің тұрғын үй қорына қайтарылды.

Қуат Сұлтанғазиев, ҚАЗҰАЗУ ректорының орынбасары:

Міне, алдымызда тұрған ғимарат. Жеке тұлғаға пайдалануға берілген. Соны өзіміздің күшімізбен биыл қайтарып, күрделі жөндеуден өткізіп, бүгінгі күні №6-шы деген жатақхана аштық. Осы жатақханаға 300-ден аса оқушы орналасқан.

Ұстаз бен студент игілігі үшін

Бұдан бөлек, университет ұстаздарының жалақысы бір жылдың ішінде 100 пайызға көтерілген. Сондай-ақ, мұғалімдердің жол ақысын төлеу жағын оқу орны қамтамасыз етеді. Ал білім ордасындағы 7 мың студент үшін әлеуметтік дәріхана мен дүкен ашылған. Ондағы өнімдер нарықтық бағадан 15-20 пайызға арзан.

Руслан Асаубаев, «Студент» әлеуметтік дүкенінің қызметкері:

Мысалы, 1 қап картоп 5 мың теңге, пияз 2625 теңге, макаронның өзі 170 теңгеден басталады. Өзімізде бұрын студент болдық бәрін түсінеміз, 5-10 теңгесі жетпей жатады, оны береміз, қарамаймыз да ондайға. Сосын жұма күні студенттерге нан тегін.


Әйгерім Ердаулет

Хабарламаларға жазылу