Нұрлы ауылында медпункт пен мәдениет үйі жекеге өткен

23.10.2020

«Мәдениет үйі мен амбулатория жекеменшікке өтіп кетті». Осылай деп ашынған Алматы облысы Нұрлы ауылының тұрғындары арнамызға шағымданды. Елді мекен өркениеттен ада, қаңыраған бос ғимараттардың ордасына айналды дейді олар. Оған қоса төрт түлікке де жайылымдық жер қалмапты.  

Қуан Нұрақын, тілші: 
-Бұл жер бір құдды соғыстан кейінгі ғимараттарға ұқсайды. Отыз жыл иесіз жатса да, әлі күнге дейін жергілікті әкімдік еш шара қолданбаған. Жергілік тұрғындар ішіне кіріп ойнайтын балалар жазым бола ма деп алаңдаулы.

Бұдан да өзге ауылда мәселе көп. Тұрғындардың сөзінше қаңыраған ғимараттар көп бола тұра медициналық пунктің мектеп ішінде болғанына наразы. Одан қала берді балабақша да осы жерде.

Бұрынғы медициналық мекеменің ғимаратын әлдебіреулер ауылға ортақ наубайхана ашамыз деп тұрғындардың келісімін алып, жекеменшікке аударып алған. Қазір ол жерде мал ұстап отыр.

Сайлаубек Қамзин, ауыл тұрғыны: 
-Мұны экологиялық сотпен аударып алыпты. Енді қазір бұл кісіден мықты адам жоқ. Екінің бірінің бұздыруға күйі келмейді. 

Ал Нұрлы ауылының әкімі тұрғындардың арыз-шағымы орынды екенін мойындап, келер жылы шешіле бастайды деп уәде берді. Қазір бұрынғы әкімшілік ғимаратын мемлекет меншігіне алу мәселесі аяқталып қалыпты. 

Төрт түлік жайылатын жер де жыл сайын тарылып барады дейді ауыл халқы. Қолы жеткендер қоршап алып, бөтеннің малы түссе айыппұл салып қорқытатын көрінеді. 

Сабырақын Мұханбек, ауыл тұрғыны:
-Малды айдап шықсаң қамап алады.

 Одан қала берді ауыл іргесінде орналасқан құс фабрикасынан келетін иіс қолқаны қабады дейді жұрт. Ал, кәсіпорын басшысы бұл айыптаумен мүлдем келіспей отыр. 

Данияр Ажыханов, құс фабрикасының өкілі:
-Экология бойынша еш зияны жоқ. 

Нұрлы аталған бұл ауылда қордаланған мәселе көп. Тұрғындар жергілікті шенеуніктер жанайқайымызға құлақ аспаса, Президентке хат жазамыз деп отыр. 

Қуан Нұрақын

Нұрлы ауылы медпункт мәдениет үйі

Хабарламаларға жазылу