Сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын жаңа талап: Енді сүт сатып отырған ауылдағы ағайынның жағдайы не болады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын жаңа талап: Енді сүт сатып отырған ауылдағы ағайынның жағдайы не болады?

Сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын жаңа талап: Енді сүт сатып отырған ауылдағы ағайынның жағдайы не болады?

Ал Ұлттық статистика бюросы көктем кезінде сүттің құны 1 жылда 30 пайызға өскенін хабарлаған еді. Мұндай жылдық өсім соңғы рет 2011 жылы тіркелген. 

Жазда жағдай біршама түзелгенімен, сарапшылар сүт өнімдерінің бағасын тежеу енді қиын болатынын айтады.

Тіпті, 2025 жылдан бастап жағдай ушығуы да мүмкін. Өйткені сол кезде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде шикісүтті қабылдау талаптарын реттейтін техникалық регламент іске қосылады. Жаңа ереже бойынша сиыр автоматпен сауылып, сүт бірден салқындатқышқа құйылуы керек. 

Яғни, қолмен шелекке сауылған сүтті зауыттардың сатып алуына тиым салынады. Сонда сүт сатып, отбасын асырып отырған ауылдағы ағайынға қайтпек керек? Ал, олардан арзанға сүт сатып алып, соны өңдеп жұмыс істеп тұрған зауыттар шикісүтті қайдан алады?

Өйткені, қазір елдегі сүттің 80 пайыздан астамын шалғайдағы шағын шаруалар өндіріп отыр. Жалпы, мұндай талап не үшін керек? Бұл қадам сүттің қымбаттауына қаншалықты әсер етеді? Аманкелді Сейітханның зерттеуі...

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Енді 2 сиыры ғана емес, 20 сиыры барларға да оңай болмауы мүмкін. Өйткені, 2025 жылдан бастап сиырды саууға, сүтті сақтауға қатысты талаптар күшейтіледі. Сол кезде ауылда сиырды қолмен сауатын мынадай кісілер өнімдерін өткізуге қиналуы мүмкін.

Жәнібек Салыбеков сиыр бағуды былтыр бастаған. Қазір 25 бас ірі қарасы бар. Сауыншы жалдайды. Алғашында, сиыр сауатын аппараттар сатып алған. Бірақ, онымен жұмыс істеу малы аздарға тиімсіз, дейді.

Жәнібек Салыбеков, шаруа қожалығының жетекшісі:

Бізде 2 аппарат бар. Бірақ, олар сүтті толық саумайды. Кейін бәрібір қолмен саууға тура келеді. Одан бөлек, аппаратты жууға бәрібір адам қажет. Электр шығыны бар. Сонда өзін-өзі ақтамайды.

Оның сиырлары «Қазақтың ақ бас тұқымы». Яғни, сүтті деп айта алмайсыз. 25 сиырдан күніне 150 литр сүт алып, зауытқа 170 теңгеден сатады. Енді кәсібін кеңейту үшін жаңа талаптарға дайындықты бастаған.

Жәнібек Салыбеков, шаруа қожалығының жетекшісі:

Мына сүт сақтайтын кешенді биыл салдық. Себебі, осындай кешенде сақталмаса, енді сүтіміз жарамсыз болып есептеледі. Мемлекеттен әзірге көмек алғанымыз жоқ, бірақ шығыны көп болайын деп тұр.

Жәнібек бұл салаға кәсіп деп қарайды. Ал ауылда сиыр ұстап отырғандардың бәрі мұндай кешен сала алмайтыны түсінікті. Мысалы, Астана базарында сүт, құрт, ірімшік, май сататын Мейрамгүл апаның сиыр бағып, жанұясын асырап отырғанына 30 жыл. Ол кісіге де жаңа талап тиімсіз.

Мейрамгүл Борамбай, сатушы:

Аппарат анау желіндегі барлық тамырды сорғанда ішінде мысалы кейде оған үйренбеген сиыр қанша шығып кетуі де мүмкін. Ал біздің қазақы сиырлар оған үйренбеген. Теуіп жібереді, әйтпесе аппарат бар. Сосын сиырдың желіндері салақтап қалады екен.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Биылғы деректер бойыша Қазақстанда жалпы 9 млн-нан астам ірі қара бар. Оның 50 пайызға жуығы үй шаруашылықтарында. Ал 40 пайыздайы шағын шаруа қожалықтарында. Тек 10 пайызға жуығы ғана ірі кәсіпорындарға тиесілі екен.

Сонда бұл талап іске қосылса қандай салдары болуы мүмкін?

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

Ауыл тұрғындарының 70 пайызы табыссыз қалады. Бүгін көпшілігі сүттің арқасында отыр. 90 пайыз сүт зауыттары жұмысын тоқтатады, шикізат болмайды, алатын жер жоқ.

Сонда мұндай талап не үшін қажет? Қазақстан сүт одағының директоры санитарлық тазалық үшін, дейді.

Владимир Кожевников, Қазақстан сүт одағының директоры:

Қазіргі шикі сүттің 90 пайызы талапқа сай емес. Мысалы, пластмас шелекке саумау керек. Оның қуыс-қуысына бактериялар жиналады. Өрістен келген сиырдың желімінің басында бактерия болады, оны бірінші жерге тамызу қажет. Осыны ауылдағы апалар түсінбейді. Ал оны тазалау зауыттарға шығын. Соның салдарынан сүт өнімдері де қымбат.

Жалпы, бұл бастама 2013 жылы айтылған. Кейін 2020 жылға шегерілді. Одан кейін Қазақстанның сұрауымен тағы 5 жылға ұзартылды. Қазақстан әлі де дайын емес, сонда бұл кімге тиімді?

Закиржан Күзиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ресей 3-4 жыл бұрын бәрінің сол неге келген ғой, өзінің техникалық регламентіне. Ал бізде міне бір жыл қалды. Соны біз Үкіметке айтып жатырмыз. Осыны дайындық жасау керек.

Ауыл шаруашылығы министрлігі болса бұл әлі талқылануда, дейді. Десе де, өндірушілерді қолдау басталыпты.

Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз-хатшысы:

Жалпы қуаттылығы жылына 375 мыңнан астам тонна сүт өндіретіне 65 тауарлық сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлініп отыр. Ары қарай тағы 50 ферма құруға 138 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз.

Бұл ақша кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен несиеге беріледі. Ал сарапшылар одан гөрі субсидияны көбейту тиімдірек еді деген пікірде.

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

Мен мұны 20 жыл бұрын 2002 жылдан бастап айтқанмын. Ресей сол кезде сүтті субсидиялайтын, тікелей фермерге беретін, біз ондайды жасаған жоқпыз. Бізде қазір айтып жүрміз, соны әлі жасағысы келмейді Үкімет те, министрлікте.

Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз-хатшысы:

Былтыр осы тура сүт бағытындағы кәсіпорындарды қолдау мақсатындағы субсидия 22 млрдты құрады. Егерде салыстырмалы түрде айтатын болсақ, мысалы 2015-2016 жылдары бұл 12 млрд теңге болған.

Яғни, 7 жылда 2 жарым есе өскен. Бірақ, одан бері доллар да солай қымбаттады. Негізі, Қазақстанда сүт өндірісі жыл сайын артып келеді. Бірақ сүтті терең өңдеу жағынан шетке тәуелділік бар. Мысалы...

Владимир Кожевников, Қазақстан сүт одағының директоры:

Майдың 18 пайызын, ірімшік пен сүзбенің 40-50, йогрут, айрандардың 15 пайызын, қоюландырылған сүттің жартысынан астамын импорттаймыз.

Шетелдің үлесі одан да көп болуы мүмкін. Өйткені, «Made in Kazakhstan» деген көп тауарлар құрғақ сүттен жасалады. Ал оның 90 пайызы сырттан келеді.

Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз-хатшысы:

Импорт бәрібір де болады. Өйткені, тұтынушы ретінде сізге ассортимент керек. Соңғы 7 айдың ішінде өңделген сүттің көлемі бізге мысалы 14 мың тоннадан келген болса, экспорттың өзі 20 мың тоннаны көрсетіп отыр.

Ұлттық статистика бюро дерегінше, қазір Қазақстанда жылына 172 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ, соның 35-інде ғана сүт фермасы, яғни, сиырлары бар. Қалғаны шағын фермалардан алады. Сондай фермалар былтыр 6 миллион тонна сүт өндірген. Бірақ, оның көбі өндіріске жарамсыз болғандықтан, шикізат жетпей, зауыттардың жүктемесі 77 пайыздан аспай тұр. Ал жаңа талап күшіне енсе, жүктеме одан да азайып, импорт көбеюі мүмкін. Өйткені, Қазақстанның әр азаматы жылына 200 литрден астам сүт өнімін тұтынады екен.

Аманкелді Сейтхан


Бөлісу