Ауғанстанда қазақстандық құтқарушылар медициналық көмек көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстанда қазақстандық құтқарушылар медициналық көмек көрсетті

13.10.2023

Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанның үш елдімекеніндегі қираған үйлердің арасынан адамдарды іздестірді. Наиброфидегі 700 қираған үйдің үйіндісін аршыды. Шамамен 5-6 жастағы баланың денесін алып шықты. Содан соң Наиброфиден 10 шақырым қашықтықта орналасқан Сияхан елді-мекеніндегі үйінділердің астын тексерді. Чолк елдімекенінде де үйінділерді аршыды. Қазақстандық құтқарушылар 80 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 11 балаға медициналық көмек көрсетті. Қазір олар зілзаладан қатты зардап шеккен Герат қаласына көмекке аттанды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, зілзаладан қаза тапқандардың 90 пайызы әйелдер мен балалар. Еске салайық, өткен аптада Ауғанстанның батысында магнитудасы 6.3 балл болатын жер сілкінісі тіркелді. 20 ауыл жермен -жексен болды. 2,5 мыңдай тұрғын қаза тапты. Сонымен қатар 1700-ге жуығы жараланған. 

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу