Қазақстанда электронды темекі сатылымына тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда электронды темекі сатылымына тыйым салынуы мүмкін

11.10.2023

Қазақстанда электронды темекі сатылымына тыйым салынуы мүмкін. Себебі, елімізде вейпке құмар балалардың саны күрт артқан. Электронды темекіні жасөспірімдердің 10 пайызы тұрақты түрде шегеді. Мұндай мәліметті Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді. Ал оның зияндылығын зерттейтін елімізде бірде-бір орталық жоқ. Ең сорақысы - тауар елімізге сырттан ойыншық түрінде келіп жатыр. Мәселенің мән-жайын Ақмаржан Ғафизқызы зерттеп көрді.

Сырты түрлі түсті, жарнамасы көз арбайтын темекінің бұл түрі қазір кез келген азық-түлік дүкендерінде ашық саудаланып жатыр. Заңнамаға сәйкес дүкен иелері әуелі тауарға цифрлық белгі қойып, кейін сатып алушының жеке басын куәландыратын құжатын сұрауы керек. Бірақ, бұл талап сақталып жатқанға ұқсамайды.

Асқар – студент. 21 жасқа толмаған. Арнайы эксперимент үшін бірнеше азық-түлік дүкеніне кіріп, электронды темекіні еркін алып шықты. Куә болғанымыздай сатушы құжат сұрамай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншекке тауарын өткізді. Осыдан болар қазір электронды темекіні мектеп жасындағылар жиі тұтынып жүр. Ал оны ешқандай мекеме қадағалап жатқан жоқ.

Жандос Тұяқов, заңгер:

Ол жеке кәсіпкер, яғни жалпы ол жеке тұлға болатын болса 15 АЕК қарастырылған және ол ақырындап өсе береді. Бірақ қазіргі кезде менің ойымша көбінесе жаңағы 18 жасқа толған балалар арқылы яғни жеке кәмелет жасқа толмаған балалар сатқызып алып жатады. Біздің тәжірибеде бұндай фактілер орын алып жатыр.
Депутаттар да бұл мәселені көтеріп, дабыл қағып отыр. Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау электронды темекінің сатылымына толығымен заң жүзінде тыйым салуды ұсынды.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қай мектепке барсаңыз да, осы проблема. Тартпайтын бала өте аз. 2-ші сыныптың баласының тартқанын да көрдік. Өйткені, бұл жерде балаға ғана арналған менеджмент. Сонымен қатар оның ішіндегі затты зерттейтін, ішінде не бар екенін анықтайтын лаборатория да жоқ. Шекарадан кірген кезде салық төленбейді. Тек ойыншықтың кодымен ғана кіреді. Соған тосқауыл қоюымыз керек. Толық шектеу қою керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, вейптің құрамында ағзаға қауіпті 31 зат бар. Ондағы никотин мөлшері – жай темекідегі никотиннен 70 есе көп. Глицерин мен пропиленгликоль майы ағзада жиналып қалады. Ал оның салдары өте ауыр.

Темекінің бұл түрін пайдалануға әлемнің 34 елінде тыйым салынған. Уругвайда соңғы 14 жылдан бері электронды темекі мүлде сатылмайды. Ал Қытай, Үндістан, Аргентина мен Мексикада бұл зиянды тауарды тұтынуға мүлдем рұқсат жоқ.

Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:

Ал Қазақстанда қолданыстағы заңға сәйкес, 21 жасқа толмағандарға темекіні тұтынуға тыйым салынған. Зияны екенін білсе де жастар, тіпті мектеп жасындағы оқушылар оны пайдалануын тоқтатар емес. Енді бұл мәселе заң жүзінде қаралмақ. Яғни, заңға өзгерту енгізілмек. Құжат қазір Мәжілісте қаралып жатыр. Егер оң шешімін тапса, зиянды зат біздің нарықтан түбегейлі жойылуы мүмкін.


Ақмаржан Ғафизқызы

Хабарламаларға жазылу