Министрліктер мен әкімдіктер берген қаржыны игере алмай отыр. Биыл министрліктер 54 млрд теңгені тиісті мақсатта жарата алмаған. Аймақтар бойынша 16 млрд теңге игерілмеген. Тізімді Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстары бастап тұр. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында баяндалды. Тағы қандай тақырыптар талқыланды? Тілші тарқатып айтады.
Жылдық инфляция 7 ай қатарынан төмендеп келеді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов осылай деп онлайн-баяндама жасады. Бірақ, инфляцияның төмендеуіне не әсер етіп жатқанын қате айтса керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Сіз инфляцияның баяулауын сіз өткен жылдың базасымен ғана байланыстырып отырсыз, бұл дұрыс емес. Инфляцияның айтарлықтай баялауы үкіметтің кешенді жұмысының арқасында мүмкін болып отыр.
Отырыста екі мәселе қаралды. Әуелгісі күйіп тұрған мәселе - жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі. Биыл жер үйден шыққан өрттен 203 адам мерт болды. Жыл басынан бері өрт 14 пайызға, қаза тапқандар саны 10 пайызға өскен. Газ баллондарының жарылуы да жиілеп кетті. Биыл сондай апаттан 17 адам көз жұмды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Өңірлерде газ-техникалық инспекциялар құрылған. Алайда, олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр.Осыған байланысты өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет.
Биыл колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға артқан. 2025 жылға дейін стипендия тағы 2 есе өспек. Үкімет отырысынан кейін брифинг болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі шахтерлердің зейнет жасын төмендету мәселесі қашан шешілетінін айтты.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Біз жыл соңына дейін заң жобасын енгізуіміз керек. Бүгінгі таңда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өмірді сақтандыру компанияларымен бірлесіп есептеулер жүргізуде. Біз өз тарапымыздан екі талапты айқындадық - бұл шахтерлердің 55 жастан асуы және Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорында 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы керек.
Ал, премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сән-салтанат салығы байлыққа емес, асыра байлыққа салынады,-деді. Оның айтуынша,қазір жаңа салық түрін енгізу мәселесі арнайы институт базасында қаралып жатыр. Салық кодексінде байлығын жасырғысы келетін ауқатты қазақстандықтарды анықтау бойынша норма болуы мүмкін.
Азамат Бейбітұлы