Ерлан Қарин: Елімізде негізгі стратегиялық бастамалар табысты іске асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Қарин: Елімізде негізгі стратегиялық бастамалар табысты іске асты

30.09.2023

Елімізде саясат, экономика, әлеумет және өзге де салаларда ауқымды жұмыстар қатар атқарылып жатыр. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ақпараттық порталдардың біріне берген сұхбатында осылай деді. Дегенмен, үлкен өзгерістерді орындау үшін саяси реформа қажет болды. 20-дан астам заң қабылданып, демократиялық үдерістің тың қарқынмен дамуына жол ашылды, дейді. Содан кейін Президенттің наурыздағы Жолдауында саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасы ұсынылып, оның негізгі ережелері конституциялық реформаға арқау болғанын жеткізді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Референдумның қорытындысына сәйкес, Ата Заңның үштен бір бөлігі өзгерді. Кейін 7 конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға түзетулер енгізілді. Осылайша, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін мемлекеттік-саяси құрылымның мүлде жаңа үлгісі қалыптасты.

Жария етілген негізгі стратегиялық бастамалар табысты іске асты. Бірақ жекелеген бағыттар бойынша жұмыс жалғасуда. Мәселен, ең ірі өзгерістердің бірі деп, әкімдердің сайлауын айтуға болады. Алдымен ауыл әкімдері, екі жылда шамамен 1700-ге жуық әкім сайланған. Қараша айында 17 өңірде тікелей дауыс беру арқылы 42 ауданның және облыстық маңызы бар үш қаланың әкімі сайланбақ. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайту үшін де үлкен жұмыстар атқарылып жатыр,- деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Президент бастапқыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі арқылы, ал қазір барлық өңір мен саланың өкілдерін қамтыған Ұлттық Құрылтай арқылы жұртшылықпен диалогқа тікелей атсалысып отыр. Бұл тұрғыда, Ұлттық Құрылтай ерекше диалог алаңына айналды. Яғни, билік пен қоғам ықпалдастығының бірегей механизмі болып отыр.

Оңғар Алпысбай


Хабарламаларға жазылу