Әкімдер сайлауына 37 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкімдер сайлауына 37 күн қалды

28.09.2023

Әкімдер сайлауына 37 күн қалды. 10 қазаннан бастап кандидаттар өздерінің сайлауалды үгіт насихат жұмыстарына кіріседі. 5 қарашада аудан мен облыстағы маңызы бар қала әкімдерін халық алғаш рет өздері сайлайды. Ал бұған дейін ауыл әкімдерінің сайлауы өткен болатын. Тұрғындар өздері таңдаған ауыл басшылары халықтың үмітін ақтап жатыр ма? 

Қостанай облысындағы Октябрь ауылын бір жылдан бері тағайындалған емес, сайланған әкім басқаруда. Мұндағы тұрғындар саны төрт мыңға жуық.Жергілікті жұрт өздері таңдап сайлаған әкім жақсы жұмыс істеп жатыр деп есептейді. Көшесі асфальтталған, табиғи газбен қамтылған. Биыл орталық су желісі тартылып, емхана ғимараты салынып жатыр.

Ғабдолнұр Қалиев, Октябрь ауылының тұрғыны:

Өзіміз сайлаған соң біз де әкімді тыңдаймыз. Әкіміміз жүгіріп жүріп жұмыс істейді. Су тартып жатқан тракторға да мінеді, машинаға да мінеді. Халық сайлағасын жауапкершілікті түсінеді.
Роза Жунбина, Октябрь ауылының тұрғыны:

Әкіміміз бұрын осы ауылда маман болып қызмет істеді. Ол ауылдың жағдайын біледі. Осы ауылда тұрғандықтан біз айтқан мәселені шешуге қарекет жасайды.
Жалпы Қостанай облысында 2021 жылдан бері 154 ауыл әкімін тұрғындар сайлаған. Бұл үрдісті көпшілік жылы қабылдаған. Енді халық ауыл әкімдерін ғана емес, аудан мен облыстағы қала әкімдерін де өздері сайлайды.

5 қарашада Қостанай облысындағы Рудный, Қарағандыдағы Приозерск және Абай облысындағы Курчатов қалалары мен еліміздің 42 ауданында сайлау өтеді. Сарапшылардың пікірінше, саяси науқан әкімдердің жауапкершілігін арттырумен қатар, жергілікті деңгейдегі қордаланған мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының басшысы:

Әкімді халық сайлайтын болса, қандай деңгейде болса да, оның нәтижесі басқаша болады. Өйткені, халықтың жағдайын түсінетін, ең керек мәселелерін шешетін – әкім.
Әкімдер сайлауына кандидаттарды ұсыну 5 қазан күні кешкі сағат 18:00-де аяқталады. Ал 10 қазан күні үміткерлер өздерінің сайлауалды үгіт насихат жұмыстарына кіріседі. Яғни, 24 күн бойы кандидаттар өз бағдарламаларын тұрғындарға насихаттайды. 4 қараша – тыныштық күні. 5 қарашада халық сайлауға барып, өз таңдауын жасайды.

Хабарламаларға жазылу