ХІХ Жазғы Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ХІХ Жазғы Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті

27.09.2023

Азия ойындарынан ақжолтай хабар жетті. Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Стенд ату бойынша әйелдер командасы сары құрлықтың үздігі атанды. Ханчжоудан әріптесім Шерхан Жамбылұлы тікелей қосылуға әзір. Шерхан алтын құтты болсын, сонымен, бүгінгі сайыстардың нәтижесі қалай?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Иә, Армангүл бірнеше күн бойы күткен алтын медаль қоржынға түсіп, төбеміз көкке жеткендей болды. Жаңа ғана міне көк туымыз көтерілді. Әнұранымыз орындалды. Бүгін сұрмергендеріміз Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панарина командалық сайыста Азия рекордын жаңартып, жеңімпаз атанып отыр. Бірінші орын үшін талас соңғы сәтке дейін жалғасты. Қытай құрамасы ақтық айналымға дейін екі ұпай алда келе жатқан. Алайда жерлестеріміз жарыс соңына қарай алаң иелерінің алдына шығып, чемпион атанды. Әсем Орынбайдан сұхбат алған едік. Соған назар салсақ.

Әсем Орынбай, азия ойындарының чемпионы:

Өте қуаныштымын. Ең бірінші біздің мақсатымыз медаль алу болды және медаль алу болды. Екі медаль алып отырмыз. Біріншісі алтын, екіншісі қола боп қалды енді. Бар келгенін жасадық. Финал өте жақсы, мықты финал болды.

Стенд ату шеберлері бұнымен шектеліп қалған жоқ. Әсем Орынбай жекелей сында қола медаль алып, қос бірдей жүлдені қанжығасына байлады. Ал Ольга Панарина медаль алуға бір табан ғана жетпей қалды. Ол төртінші орын иеленді. Армангүл толығырақ қорытынды ақпаратта тарқатып айтамын.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу