Еліміздің бірнеше өңірінде сұйытылған газ тапшылығы сезіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірнеше өңірінде сұйытылған газ тапшылығы сезіле бастады

12.09.2023

Еліміздің кейбір өңірлерінде сұйытылған газ тапшылығы сезіле бастады. Ақтөбе облысында көгілдір отынмен жүретін көліктер ұзын-сонар кезекте тұрса, Жетісу облысындағы газ құю станцияларында пропан мүлдем жоқ. Ал Талдықорғанда кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің халқы бірнеше күннен бері көгілдір отынсыз отыр. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бірнеше күннен бері Талдықорғанда сұйытылған газ тапшылығы сезіле бастады. Газбен жүретін көлік жүргізушілері, тіпті автогаз бекеттеріне бұрылмайды да. Себебі қаладағы барлық газ құю станцияларында көгілдір отын жоқ екенін жақсы біледі. Мұнан бөлек, облыс орталығындағы кейбір көп қабатты үйлер де қазір газсыз отыр. Мәселенің мән-жайын білу үшін біз тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басшыларына хабарластық. Айтуларынша, Павлодар мұнай өңдеу зауыты газ жөнелтуді кешіктіріп отыр.

Данияр Ысқақов, Жетісу облыстық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Павлодар зауытынан қазіргі уақытта 61 вагон шығу керек. Оның тек бесеуі жолда. Павлодар зауытынан біздің облысқа жеткенше 10-13 күн уақыт алады. Бес вагонның көлемі 180 тоннаны құрап отыр.

Өңірдегі газ таратушы компаниялар қыркүйекке қажет газдың қаржысын осы айдың басында толық төлеп қойған. Бірақ газ өндіруші кәсіпорын өз міндеттерін уақытылы орындамай жатқан көрінеді. Ал облысқа айына 4 мың тоннадан астам сұйытылған отын қажет. Жолға шыққан вагондардың Талдықорғанға қашан жететіні әлі белгісіз.

Дәл осыған ұқсас жағдай Ақтөбе өңірінде болып жатқан көрінеді. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ақтөбеліктер де көліктеріне құятын газ таппай, 20 күннен бері әуре-сарсаңға түсіп жүр. Газ болмағандықтан бекеттердің көбі жабық. Ал басқаларында ұзын-сонар кезек. Кейбірі сұйық отынды тек талонмен ғана беріп жатыр. Облысқа ай сайын 16 мың тонна сұйық отын қажет. Ал қыркүйек айына тек 10 650 тонна ғана бөлінген. Тек Ақтөбе қаласының өзіне тәулігіне 400 тонна отын қажет болса, қазір оның жартысы ғана бөлініп жатыр. Бүгін әкімдік өкілдері бұған дейін бір мезетте жөндеуге жабылған үш газ зауытының екеуі қайтадан іске қосылғанын хабарлады. Дегенмен, көлік иелері бекеттердегі кезектің азаймай тұрғанына нанразы.

Асылжан Телғарин, қала тұрғыны:

Газдың болмағанына 20 күндей уақыт болды.Таңертеннен кешке дейін кезекте тұрамыз.Қазір жарты сағат болды.Алдымызда толып тұр машина. Кейде жақындағанда таллон болып кетеді.

Әкімдік өкілдері мәселені шешуге барыншы тырысып жатырмыз дейді. Қосымша Шымкенттен 1000, Атыраудан 500 тонна сұйытылған газ бөлінген. Мәселе толығымен ай соңына дейін шешілуі тиіс. 


Хабарламаларға жазылу