Астанада су тапшылығы сезіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада су тапшылығы сезіле бастады

02.04.2023

Бас қала тұрғындары соңғы бір-екі айда судан таршылық көріп жүр. Бастапқыда жексенбінің кеші болса қысымы азайып, артынан мүлде тоқтап қалатын дейді. Ал азаматтар болса бір демалыста кір-қоңымызды жуып, үйімізді тазалап үлгермейміз деп қапалы. 

Үйге келеміз жұмыстан кейде тамақ істеу керек болады. Шәй ішу керек болады. Киім жуу керек болады. Үйде су жоқ.  Сағат сегіз-тоғыздың кезінде адамға қатты су керек болады мысалы.. Кешкі уақытта. Судан қысылып жүрміз жалпы. Дүкенде осындай  сулар бар. Кейде солардың өздері істемей тұрады су жоқ деп. 

Бірақ қалалықтар әзірге осы қалыпқа үйрене бергені дұрыс. Себебі енді астаналықтарға ауыз суы арнайы кестемен беріледі. Апта басында «Астана су арнасы» осындай хабарлама таратқан. Яғни, таңғы тоғыз жарымнан түскі он екіге дейін судың қысымы бәсеңдейді. Он екіден екіге дейін қайта күшейеді. Әрі қарай тәулік бойы осылай алмасып отырады. Жауапты мекеме жағдайдың алдағы жазға дейін осылай жалғасатынын мәлімдеді. Себебі тек сол уақытта жаңа сорғы-сүзгі станциясы іске қосылады деп сендіріп отыр. Ал, қазіргісінің күн санап өскен елорда халқын толық қамтуға қуаты жетпейді.

БҰҰ-ның биылғы су конференциясында қорқынышты сандар айтылды. Жер бетіндегі әрбір төртінші адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр екен. Еуропаның өзінде 16 млн-ға жуық адам әлі де ауыз суға зәру. Су тапшылығы, құрғақшылық болашақтағы ең негізі проблемалар болатынын ғалымдар талайдан бері айтып келеді.

Ал биыл Қазақстанның батысы, орталығы мен шығысында қуаңшылық болып, диқандарға ауыр тиюі мүмкін. Синоптиктердің болжамы жағымсыз: осы үш аймақта жауын-шашын аз түсуі ықтимал деп отыр. Топырақтағы ылғал қорының соңғы болжамы сәуірдің соңында дайын болуы тиіс. Егін бітік шықпаса, құрғақшылық қыспаққа алып, мал жем-шөпсіз қалса, салдары не боларын білеміз. Басты ауыртпалық ауыл халқына түсіп қалады... 2 жыл бұрын батыс өңірлерде қуаңшылықтан мал қырылған шақта Құрмет есімді азаматтың қол жинап, шөп жібергені есіңізде шығар?! Жаңа құрамдағы Мәжіліс те, ескі-жаңа үкімет те ұмытпаған деп үміттенеміз. Әйтпесе, «Қазгидромет» кімге ескертіп айтып жатыр?!

Құрғақшылық суға сұранысты арттыратыны анық. Қазақстанда судың 65 проценті ауыл шаруашылығына жұмсалады. Сол 65-тің 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді екен. Қос палатының алдында сөйлегенде президент осы мәселені көтерді. Ауыл шаруашылығында судың басым бөлігі неге далаға кетіп жатыр? Су қорын жинақтау бойынша шаралар бар ма? Елдос Есенбол зерттеп көрді.

Біраз шаруаның қалтасы көтермейтін істің бірі егістікті суарудың жаңа тәсілі. 20 жыл бау-бақшаны кәсіпке айналдырған бағбан Қанат Мұсаев 2 гектар жерін тамшылатып суару үшін 600 мың теңгесін жұмсапты.

Қанат Мұсаев, бағбан:

Үкіметтен жәрдем болатын болса, бұған барлығы жаппай осы тәсілге көшетін болса бұл елімізде де су тапшылығын шешуде, одан кейін мынау жердің бұзылмауына, өнімнің бұрынғыға қарағанда екі есе алуына септігін тигізеді. Әрине, мемлекеттен қолдау болса екен деп ойлаймын.

Шаруа сөзінің жаны бар. Біздегі дән егіп терлегендер жаңаша суару әдісіне көшкені абзал. Себебі суды ысырап етіп жатыр. Қазақстанда 1,4 миллион гектар егістік алқаптың 30 пайыздайы ғана тамшылатып немесе жаңбырлатып суарылады. Қалғанына тіршілік нәрі арықпен жіберіледі. Ал олардың басым көпшілігі ескірген дейді ауылшаруашылығы мамандары. Сондықтан судың 60 пайызы құмға сіңіп жоқ болады.

Дәулет Жұмбеков, шаруа қожалығының төрағасы:

Тамшылатып суару әдісіне көшкенімізге 1-2 жыл болды. Жылда біз 200-300 гектар жерді биыл 400 гектардың үстінде халыққа бау-бақшаға жер беріп отырмыз. Соның 250 гектарын тамшылатып суару әдісімен егіледі. Бір 3-4 миллиондай ақша кетеді. Бірақ, табысы өнімділігі жоғары болады оның.

Елдос Есенбол, тілші:

Үй жағдайындағы өсімдікті осылай да тамшылатып суаруға болады. Әрі суды, әрі уақытыңызды үнемдейсіз. Егістік алқаптары үшін суарудың жаңа тәсілі қаншалықты тиімді екендігін осыдан-ақ байқап тұрған шығарсыз. Бірақ, жүздеген, мыңдаған гектар жерді пластик бөтелкемен суға қандыра алмайсыз.

Үкімет шаруаларға субсидия көлемін көбейтіп, олар жаппай суарудың жаңа тәсіліне көшкен күннің өзінде бар мәселе мұнымен шешілмейді. Біздегі диқандардың көрші елдерден келетін өзендерге тәуелділігі тағы бар.

Әкпар Мәуленов, Қазақстан Фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

Павлодар Шығыс Қазақстан Абай облыстары Жетісу Алматы облыстары Қытай жақтан келетін өзендерден соған тәуелді. Жамбыл облысы Қырғызстаннан, Қызылорда мен Түркістан облысы Өзбекстанға тәуелді. Сондықтан да қазіргі күнде суды үнемді пайдалану, тиімді пайдалану өте өзекті мәселе болып тұр.

Су мәселесі Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін өзекті болып тұр. Жаһандағы екі миллиард адамның таза суға қолы жетпей отыр. Сегіз жүз мыңы лай суды ішіп жүр. Осы және өзге де мәселелер БҰҰ-ның халықаралық конференциясында көтерілді. Нью-Йоркте еліміздің Экология министрі Зүлфия Сүлейменов Арал теңізі туралы баяндама жасады. Су мәселесіне келгенде қолда бардың қадірін біліп, мемлекеттер ынтымақта жұмыс істегені жөн деді.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а.:

Қазіргі таңда бізде Ресей мемлекетімен де, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен де суды бөлу және пайдалану бойынша тиісті жұмыс топтары бар. Қытай мемлекетімен келетін болсақ қазіргі таңда тиісті келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Өкінішке орай ковидке байланысты шамалы бәсеңдеген болатын. Бірақ қазіргі таңда осы жұмыстардың бәрін қайта жандандырып Қытай мемлекетімен тығыз жұмыс жүргізіп келе жатырмыз.

Ал сол суды сақтайтын елде 340 қойма бар екен. Оның отыз пайызы күрделі жөндеуге зәру. Экология министрлігі алдағы алты жылда 4 текше километр суды жинайтын 25 жаңа қойма салынады. Және тағы 16-сы күрделі жөндеуден өтеді дейді. Бұның барлығы жер бетіндегі суғы қатысты жасалатын шаралар. Ал жер астындағысын не істеу керек?

Ерболат Беркінбаев, «ҚазСушар» РМК бас директорының орынбасары:

Скавжена қазамыз. Ол жерде протоколға сәйкес жер астының қанша суы бар,, қанша метр тереңдікте жатқанын оның бәрі протоколда көрсетіледі. Соған сәйкес жаңағы модульный тип дейміз ғой скваженадан шығарады да бірден тазартып ауылға суды бірден береді.

Бірақ, ауылшаруашылығы мамандары жер асты суы тек бірең-сараң ұңғымалармен шектелмеуі керек дейді.

Әкпар Мәуленов, Қазақстан Фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

Ондай жұмыс істеліп жатқан жоқт шынын айту керек. Өйткені оған аса мән бермейді өйткені сырттан келіп жатқан су бар ғой әзірше. Кезінде Совет үкіметі кезінде жер асты суларының қай жерде көздері бар, қанша көлемі бар сондай карталар сол көздерін қайтадан табу керек болмаса сол енді кеңес дәуірі кезінде карталар архивте болмаса бір жерде жатқан шығар соны көтеру керек.

Жалпы суды үнемдеу тек шаруалардың бас ауыртар мәселесі емес. Оны еуропалықтар жақсы біледі. Мысалы отыз жыл бұрын әр Даниялық күніне 200 литр су тұтынса, қазір 100 литрге дейін қысқарған. Себебі Дания Еуропа бойынша су тарифі ең жоғарғы мемлекет. Тұрғындар 1 шаршы метр суға- 6,67 евро біздің валютамен 3300 теңге төлейді. Германияда бір шаршы метр су5,16 евро, Испанияда-2,51 евро, Италияда-1,35 евро. Еуропа бойынша орташа баға 4 евро.

Климонс Пойет, климаттың өзгеруі бойынша тәуелсіз сарапшы:

Баға қымбаттағанда халық суды үнемдеуді бастады. Ешкім сарқыратып қоймайды. Аптасына бір рет шомылуға үйренді. Раковинаға суды толтырып, соны бірнеше рет пайдаланатын тұрғындар да бар. Кей елдерде суға түнгі тариф күндізгіге қарағанда арзанырақ. Сондықтан, жұрт кірді,ыдысты түнде жууға тырысады. Және жуынуға, кір жууға жаңбырдың суын пайдалануға көшті. Сосын мұнда суға ақша төлемейтіндерді ешкім аямайды. Оған су беруді тоқтатады, қомақты айыппұл салады.

Былтыр кәрі құрлықта 500 жылда болмаған құрғақшылық орнап, су тапшылығы анық сезілген. Италияда дәнді-дақылдар қурап, Францияда ядролық реакторлар жұмысын тоқтатқан. Осыдан соң Еуроодақта суды тиімді пайдалану жоспарын қолға алған. Яғни, бағаны қымбаттатқан. Бұдан соң еуропалықтар үнемдеуді үйрене бастапты. Біздің азаматтарға да үнемдеу мәдениетін үйренген абзал секілді. Әйтпесе тариф қымбаттап «Судың да сұрауы бар» деген сөз алдағы бірнеше онжылдықтың басты қағидасына айналуы мүмкін.

Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу