Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде келер жылы екі бағыт бойынша жол салу жоспарланып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде келер жылы екі бағыт бойынша жол салу жоспарланып отыр

12.09.2023

Жер Жаннаты Жетісу өңірінің бір маржаны Жасылкөл көлдері. Осыдан 300 жыл бұрын жер сілкінісі кезінде өзеннің арнасы таспен бітеліп, екі көл пайда болған. Қазір көздің жауын алар қос айдын Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағына енген.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Атына заты сай Жасылкөл теңіз деңгейінен 1630 метр биіктікте орналасқан. Бұл айдынның суы Балқаш көліне дейін жетеді. Ағыны қатты өзені арқылы Лепсіге құйылып, ал Лепсі Балқашқа құяды. Бұл жерге жету үшін жаяу немесе осылай атпен 3-4 шақырым жүріп өту керек.

Көлге ең жақын орналасқан елдімекен Лепсі ауылы. Ол жерден Жасылкөлге тағы 20 шақырымдай жол талғамайтын көлікпен жүріп өту керек. «Жолдың машақаты көп болғанымен тау етегіндегі сұлу айдынды көріп, шаршағаныңды бірден ұмытасың», - дейді бізге жолсерік болған Раджив Барлаков.

Раджив Барлаков, туризм инженері:

Көктемде күзде көлдің суы тұнық, мөп-мөлдір болып тұрады. Ал енді жаздың күні мұздықтар ериді де, соған байланысты су әппақ болады. Су мөп-мөлдір болғанда мына ағаштардың суға түседі де, судың түсі жап-жасыл болады.

Ал жоғарғы Жасылкөл төмендегі сыңарынан 50 шақырымдай алыс. Жолы да таулы-соқпақты. Тау теке, қар барысы, аю сынды түз тағылары мекен ететін жер. Биыл Жасылкөлдің жауһарын тамашалауға жылдағыдан екі есе көп турист келген. Әсіресе шетелдіктердің қызығушылығы артып отыр. Алайда біздің сапарымызда саяхаттаушылар кездеспеді.

Марат Қабиев «Жоңғар алатауы» МҰТП бас директоры:

Былтыр алдыңғы жылы болған жоқ болатын. Биыл енді бір 100 шақты, 100 адамдай шетелден келіп жатыр. Жақында Америкадан да келгендер болды.

Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде осындай 10-нан астам саяхаттайтын бағыт, екі соқпақ бар. Келер жылы тағы екі бағыт бойынша жол салу жоспарланып отыр. Оның бірі Жасылкөлге батыс жағынан баратын өткел болмақ.


Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу