Алматы облысында колледж студенттері мен ұстаздары жылыжай салып, көкөніс өсіруге кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында колледж студенттері мен ұстаздары жылыжай салып, көкөніс өсіруге кірісті

26.04.2022

Алматы облысындағы Сарқан политехникалық колледжнің студенттері мен ұстаздары жылыжай салып, көкөніс өсіруге кірісті. Оқу орны көп шығын шығарған жоқ. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізген кездегі ескі есік-терезелер құрылыс материалы ретінде пайдаланды. Мұндағы мақсат шәкірттерді еңбекке баулып, қыс-көктем айларында өздерінің ас мәзіріне қажетті азықпен қамтамасыз ету.

Көз қорқақ, қол батыр. Күрделі жөндеу кезіндегі жүздеген терезені бекер далаға тастағанша кәдеге жаратуды оқу орнының ұжымы қолдап, санаулы күнде 200 шаршы метрге жылыжай салды. Қазір қияр, пияз өсіп-өнді. Қызанақ көшеттері де дайын. Ең бастысы әр студент ауылшаруашылығы негіздеріне машықтанады.

Вячеслав Кравцов, студент:

Мына теплицаны біз өз қолымызбен салдық. Мына жемістерді біз асханаға өткіземіз. Бұл өзіміз үшін керек. Болашағымыз үшін керек.

Колледж қазір 7 мамандық бойынша 300 студентті оқытып жатыр. Негізінен дәнекерлеушілер, механизаторлар, аспаз бен шаштараз кәсіптері. Алдағы уақытта тағы екі мамандық ашу жоспарланған. Сарқан ауданында орналасқан Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркіне қажет орманшы-қорықшылар даярланбақ.

Нұрахмет Маткәрімов, колледж директоры:

Оған бізге керек базамыз барлығы бар. Жеріміз жеткілікті. Кабинеттеріміз бар. Бірақ оқу құралдары керек. Практикалық жұмыстар Жоңғар Алатау паркінде өткізіледі. Олармен модульдық келісімшартымыз бар.

Аграрлы ауданға қажет тағы бір кәсіптің бірі – мал дәрігері. Оқу орны келер жылы малдәрігерлік санитария факультетін ашуды қарастырып отыр. Биыл 100 орындық колледж жатақханасы облыс бюджеті есебінен күрделі жөндеуден өтпек.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу