Ақмола облысының шалғай елді мекендерінде 10 мектеп жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының шалғай елді мекендерінде 10 мектеп жабылды

08.09.2023

Ақмола облысының орталығында мектеп тапшылығы байқалса, өңірдің шалғай елді мекендерінде 10 мектеп жабылды. Себебі, халық саны аз. Ал оқушылар, тіпті, жоқтың қасы. 10 мыңға жуық бала көрші ауылдарға қатынап оқиды, 170-тен астамы интернатта жатып білім алады. Ауылдарда қазақ тілінде білім беретін оқу ордалары аз. Облыстағы 537 мектептің тек 67 пайызы мемлекеттік тілде оқытады.

Төлеген Қаратаев, тұрғын:

Қазақша оқығанын ұнатамыз. Ал енді қызымызды амал жоқтан сол орыс мектебіне беріп жатырмыз. Биыл екінші класста оқиды. Ал екі немерем Зерендіде Мәлік Ғабдуллин мектебінде оқиды.

Проблема мұнымен бітпейді. 300-ге жуық шағын жинақталған мектептің 100-ден астамы талапқа сай емес. Яғни, мұғалімдер мен оқушы саны жеткіліксіз. Қазақ сыныптарында оқитын бала да аз. Биыл облыс бойынша бірінші сыныпқа барған оқушылардың 48 пайызы ғана мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірген.

Айгүл Шақшақова, облыстық Білім басқармасының бас маманы:

Ақмола облысында 2020-2025 жылдарға арналған орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілінде сыныптар ашудың қадамдық жоспары әзірленген. Осы жоспарға сәйкес, бізде екі жылдың ішінде екі таза орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ сыныптары ашылды. 


Хабарламаларға жазылу