Теміртаудағы трамвай паркі жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртаудағы трамвай паркі жабылуы мүмкін

07.09.2023

Теміртау қаласындағы трамвай паркі жабылуы мүмкін. Ақпан айынан бері жұмысы тоқтаған ұжымда 140 адам еңбек еткен еді. «Арселор МитталТеміртау» басшылығы енді оларды арнайы оқу курсынан өткізіп өзге жұмыстарға тартпақ. Әр қызметкерге барлық тиісті өтемақылар толық берілетіні айтылды. Жұмыскерлер компания тарапынан жасалған бұл мәлімдемеден соң шаһардың символына айналған қоғамдық көлік енді жүрмейді деген пікірде. Металлургтер комбинатқа дәл осы көлікпен тегін қатынап келген. Ал қалған жұрт жол ақысын жеңілдетілген тарифпен төлейтін. Алайда трамвай қожайындарының өз уәжі бар. 1959 жылдан бері рельстер мен вагондар әбден тозған. Оны түгел жаңарту үшін қыруар қаржы керек. Ал бұл компанияға тиімсіз. Себебі трамвай паркі ешқандай пайда әкелмейді, - дейді.

Марина Маркушева, трамвай жүргізушісі:

Трамвай қала тұрғындары үшін керек. Әсіресе, комбинатқа жұмысқа баратындар үшін тіимді еді. Көше көліктерге лық толы кезде еш кедергісіз жұмысқа баратын. Әрі экологиялық таза көлік қой.

Гүлнұр Әбдіғалиева, Теміртау қаласы әкімінің қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі:

Қала трамвай паркін толықтай жаңғыртып, жарақтандырып берсе ғана коммуналдық меншікке алуға дайын. Қазіргі таңда «АселорМитталТеміртау» компаниясы парк бойынша шұғыл шешем қабылдаумен айналысуда. Содан кейін трамвай паркі басшыларымен келіссөздер жалғасатын болады. 


Хабарламаларға жазылу