Президент Қонаев қаласына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қонаев қаласына жұмыс сапарымен барды

05.09.2023

Әскери оқу-жаттығу жиынынан кейін Мемлекет басшысы Қонаев қаласына барды. Президент шаһардың 2050 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарымен танысты. Жоба бойынша облыс орталығы солтүстік-шығыс бағытқа қарай өсіп, жаңа шағын ауданмен толықпақ. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үлкен Алматы айналма тас жолы іске қосылғалы облыстың экономикалық мүмкіндігі кеңейгені де баяналды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Облыс орталығына айналып, Қонаевтың аты берілген қалада халық саны бір жылда 10 мың адамға өскен. Қазір шаһардың 65 мыңнан астам тұрғыны бар. Ал 2050 жылға қарай 200 мыңға жетеді деп болжанып отыр. Өткен айда ғана бекітілген Бас жоспарда осы демографиялық өсім ескеріліп, Қонаевтың аумағын тағы 10 мың гектарға ұлғайту көзделген. Жаңадан салынатын шағын ауданда әлеуметтік нысандар, мәдени орталықтар мен академиялық қалашық бой көтереді.

Қала құраушы кластерлер мен кәсіпорындарда 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал бұл өз кезегінде 30 мыңнан астам адамды еңбекпен қамтитын көптеген шағын және орта бизнес субъектісінің құрылуына ықпал етеді.

Болат Мұсылманбеков, Алматы облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Жаңа Іле деген жаңа ауданда 96-97 мың адам есептелген жаңа қала түседі. Ол жер қазір сейсмикалық жағынан, жердің қабығы жағынан өте ыңғайлы. Сейсмика аздау болса, ол жерде тұрғын үй, ғимараттар салу арзандау түседі.

Ал оған дейін ескі қаланың кейпі өзгереді. Әкімшілік ғимараттар салынып, көне үйлерге жөндеу жасалмақ. Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауындағы инфрақұрылымды жаңғырту да басты міндет. Себебі қаланы дамытудың бір бағыты – туризм мен су спорты.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Қаланы ары қарай дамытуға шамамен 2 трлн тг көлемінде жеке инвестиция тартылады. Әкімшілік және әлеуметтік нысандар салу талабы қойылды. Жағалаудың абаттандыруды шетелдік мамандармен кеңесе отырып, жобаладық. Заманауи талаптың бәрі ескеріледі. Жағажай, жүгіру жолақтары, амфитеатр, субұрқақ, бәрі болады.

Қазір Алматы облысының цифрлық көшірмесі де жасалып жатыр. Облыс аумағындағы қалалар мен аудан орталықтары түгел осы 3Д картаға енеді. Мамандар 33 елдімекендегі 70 мыңнан астам ғимарттың моделін салып үлгерген. Мұндай цифрлық карта құрылысты болжауға және жобалауға сеп. Әрі қауіпсіздік үшін де маңызды.

Осы жазда Үлкен Алматы айналма тас жолы ашылып, бүкіл өңірдің экономикалық дамуына серпін берді. Енді Алматы қаласы мен осы айналма жолдың арасын жалғайтын тағы 6 автожол салынып жатыр. Алдағы екі жылда қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Жоба құны 18 млрд теңгеден асады.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу