Түркияда ірі литиум батареяларын өндіретін зауыт ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда ірі литиум батареяларын өндіретін зауыт ашылды

04.09.2023

Түркияның Анкара қаласында ірі литиум батареяларын өндіретін зауыт ашылды. Кәсіпорын күн мен жел энергиясынан алынған қуатты жинақтайтын батереялар шығарады. Алып өндіріс орнына қажетті заманауи технологияға негізделген құрал жабдықты қазақ азаматы басқаратын компания орнатқан.

Ғанимет Қайсаұлы Қытайдың Шонжы ауданында туып өскен қазақ. Пекин университетінің сыртқы сауда факультетін тәмәмдаған. Бүгінде Түркияда тұрады. Анадолы жерінде 10-нан астам зауыт-фабриканың ашылуына мұрындық болып, оларға заманауи құрал-жабдық орнатқан. Ол басқаратын холдинг Еуропа елдері, Иран, Ресеймен де тығыз жұмыс істейді. Қазақстанға да ірі көлемде инвестиция құюды жоспарлап отыр.

Ғанимет Қайсаұлы, Халықаралық компанияның басшысы:

Біз қазір Қазақстанда екі жұмыс істеп жатырмыз. Бірі кәсіпте, өндірісте істететін қолғап. Бұл зауытты жыл ақырына дейін бастап кетеміз деп отырмыз. Одан кейін мыс. Мыстан түрлі өнімдер шығару туралы ойымыз бар. Одан кейін Қытайдың, Түркияның үлкен кәсіпкерлерін Қазақстанға тартқанға жұмыс істеп жатырмыз.

Шикізаттан бастап толыққанды батереяларға дейінгі тізбекті бір жерде өндіретін Анкарадағы қуатты зауыттың технологиясын Ғанимет Ғайсаұлы басқаратын компания орнатып қана қоймай, бір жыл бойы жергілікті мамандарға осы машиналарды қолдану жолдарын да үйретпек. Зауыт толық қуатына кіріскенде 600 адамды жұмыспен қамтиды.

Хакан Өзтүрік, «Pomega» зауытының департамент директоры:

Біздің зауыт энергия саласында Түркиядағы заманауи әрі ең ірі өндіріс орыны. Ғанимет мырза басқаратын компания осы жобаның жүзеге асып, аяғына тік тұруына дейінгі барлық сатысында бізге технология жағынан болсын, кеңес беру жағынан болсын көп көмек көрсетті. Біздің ең сенімді серіктестердің бірі.

Шетелдік серіктестері Ғаниметпен жылдар бойы жұмыс істеп, оның іскерлігі мен азаматтығына тәнті болғандарын айтады. Алда бұдан да үлкен жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.

Лю Шаолин, «Bozhon» компаниясының президенті:

Ғанимет Қайсаұлымен бірнеше зауытты бірге құрдық. Қазір тек Түркия емес Еуропа елдерінде және Қазақстанда да осындай жаңа жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Жақында Қазақстанға барып литиум батареяларын шығаруға қатысты қандай мүмкіндіктер бар екенін тиісті мекемелермен талқылап келдік.

Ғанимет Қайсаұлы қазақ мәдениеті мен өнеріне де әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Ыстамбұл қаласынан арнайы Қазақстан сауда және мәдениет орталығын ашқан. Бұл ғимаратта түрлі көрмелер мен конференциялар ұйымдастырылып, Түркиядағы қазақтар бас қосып тұрады. Ұлттық тағамдарымызды аңсаған қандастарымыз үшін бұл жерде қазақ мейрамханасы да бар.


Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу