Шымкент қаласында білім беру саласын сандық жүйеге көшіру негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Соның нәтижесінде қазір мектептер мен балабақшаларда қызметтің 30 түрі цифрландырылып, баршаға қолжетімді етілді. Бүгінгі өткен Тамыз конференциясында саладағы ақпараттық коммуникативті технологияны одан әрі жетілдіру және мультимәдениетті орта қалыптастыру жайы талқыланды.
Электронды оқулықтар платформасының жүзеге асқанына биыл үшінші жыл. Еліміз бойынша оны 800-ден астам білім ұясы пайдаланып келеді. Платформада мектеп алды даярлықтан бастап 11 сынып аралағындағы пән оқулықтардың барлығы электронды форматта пайдалануға мүміндік жасалған. Білімді үш тілде игеруге болады.
Әсима Рысқұлбекова, Баспа үйінің цифрлық контент департаменті басшысы:
Яғни аудиовизуалды материалдарды көру, есту, виртуалды зертханалар бар, зияткерлік ойындар бар тест тапсырмалары бар. Сол бойынша өздігінен білім алуға мүмкіндік жасайды.
Тамыз конференциясына жиналған ұстаздар цифрландыру бағытындағы осындай тың жобалармен танысты. Бүгінгі таңда білім беру саласында 33 түрлі қызмет сандық жүйе арқылы атқарылатын болса, Шымкенттегі білім мекемелерінің соның түгелге жуығын еркін пайдаланып келеді.
Жанат Тәжиева, қалалық Білім басқармасының басшысы:
Негізгі мұның мақсаты - қағазбасталықтан мүлдем арылу, мұғалімдер жұмысын жеңілдету, балаға білім беру тәсілін барынша жедел әрі ыңғайлы етіп қамтамасыз ету болып табылады.
Жаңа оқу жылында Шымкентте 28 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Бұл былтырғыға қарағанда бір жарым мың оқушыға көп. Осыған байланысты білім беру ұйымдарының қатары 48-ге артты. Биыл 35 балабақша, 15 мектеп пен 1 оқушылар сарайы, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті іске қосылды.
Ғани Қалмаханов