Жамбылда синтетикалық есірткіні жарнамалаудың жолын кесетін бірегей жоба іске қосылды. Өңір прокурорлары өзге аймақтарда жоқ Telegram-боттың тұсауын кесті. «Narko Shekteu Taraz» деп аталатын Telegram-бот азаматтардан анонимді түрде хабарламалар қабылдайды.
Яғни бұл жүйе синтетикалық есірткіні сатушылар мен алушыларға, сондай-ақ сан түрлі сайттарды бұғаттаумен айналысады. Әлеуметтік желі арқылы жедел жұмыс істейтін жобаны жасауға қазынадан қаржы қаралмаған. Бот бағдарламасын прокуратураның өз айти мамандары жасап шыққан. Қолданушылар қоғамдық орындарға қойылған QR-код арқылы да кіре алады. Жоба шілде айының басынан пилоттық бағытта жұмысын бастаған. Құзырлылар бір ай ішіндегі көрсеткіш көңіл қуантады дейді. Желі арқылы 1 200 хабарлама келіп түскен. Мыңнан астам заңсыз сайт бұғатталып, есірткіні кәсіп еткендердің 3 кеңсе жайы анықталған.
Нариман Төребеков, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі:
Басқа өңірлерде мұндай бағдарлама жоқ. Анықталған 1 116 сайттар бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Кибернадзор» бағдарламасының мүмкіндіктері арқылы оларды бұғаттау және жою бойынша жедел шаралар қабылданды. Граффити туралы 16 хабарлама полицияға жолданып, процессуалдық шешімдер қабылданды.
Данияр Әлімқұл