Тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі көбейген

19.11.2022

Cоңғы үш жылда тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есеге көбейген. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Бұл туралы мемлекет басшысы халыққа жолдауында да айтып, синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс деген болатын. 

Сергей синтетикалық есірткіге алты жылдан бері тәуелді. Жасы 36-да. Бірнеше айдан бері диспансерде емделіп жатыр.

Менің ойымша, синтетикалық есірткі ең қорқыныштысы. Мен қаншама ай емделіп жатырмын. Көретінім бір адамдар. Өйткені қойып кетуі өте қиын. Өз-өзімді қолға алып, қанша тырыссам да әлі есірткіні қоя алмай жүрмін. Бұл тұтас өмірді құртады, өте қорқынышты. Сондықтан, мен жастарға спортпен айналысыңдар, мұндай қауіпті заттардан аулақ болыңдар дегім келеді.

Сергейдің сөзінше, қазір синтетикалық есірткі тым қолжетімді болып кеткен. Әсіресе, сауда-интернет арқылы қызып тұр. Жарнамасы көп, еліктіреді. Сол себепті, жастар арасында нашақорлар көбейіп барады.

Әлия Қибатқызы, Қалалық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға-жедел уәкілі:

Синтетикалық есірткі заттарын сату үшін жұмыс жарнамалайды. Көбінесе, телефонға смс хабарлама келеді. Әртүрлі аккаунтардан. біз оларды білмеуіміз де мүмкін. Instagram, facebook, telegram арқылы хабарлама келеді. Ақша тапқың келсе, жұмасына мың долларға дейін ұсынады. Осындай фактілерді анықтап, жедел іздестіру іс-шараларын жүргіземіз.

Психиатор-нарколог Тоқтар Қойшыбековтың айтуынша, нашақор дер кезінде ем алса тәуелділіктен арылады. Сондай-ақ синтетикалық есірткіні бір рет қолданғанның өзінде адам мүгедек боп қалуы, тіпті, өліп кетуі де мүмкін. Сол себепті, жасөспірімдерді бұдан аулақ ұстау –басты міндет.

Тоқтар Қойшыбеков, нарколог:

Осы синтетикалық есіртікіні қолданып жүрген адамдардың үлесі жоғарылап бара жатыр. Себебі, синтетикалық есірткі көбінесе жас адамдарға бағытталған. Сондықтан, жасөспірімдер, жастар көбінесе қолданады. Қазіргі нашақордың бейнесін алсақ олар 28-30 жаста. Шындықты айтсақ олар тәуелді адамдар. Олардың тәуелділігі 2-3 сатыға жеткен.

Жыл басынан бері елімізде 2,5 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталды. Оның 60 пайызы сатумен байланысты. Жалпы 12,7 тонна есірткі тәркіленді. 507 келісі - синтетикалық есірткі. Былтырғыдан екі жарым есе көп. Сондықтан, оған қарсы күресті де еселей түсу керек. Мемлекет басшысы жолдауда нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу тапсырған.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу