Маңғыстауда ертеңнен бастап электр энергиясы шектеумен беріледі. Бұл аймақ тұрғындарын жаппай жарықсыз қалдырмаудың амалы. Бұл туралы МАЭК-тегі апатқа байланысты арнайы құрылған штаб өкілдері мәлімдеді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қазір облыс аумағындағы барлық мұнай компанияларына электр қуат шектеумен беріліп жатыр. Тоқ елді мекендерге де жетпейді. Сондықтан ауылдарға шамамен 40 МВт энергия шектеумен таратылуда. Ал ертең Ақтау қаласындағы кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлерде де кезекпен жарық өшіріледі. Ол үшін елді мекендердің және қалалардағы шағын аудандардың тоқтан ажырату кестесі жасақталып жатыр. Тұрғындарға жарықтың өшетіндігі 1 тәулік бұрын ескертіліп, 3-5 сағатқа дейін тоқ болмайды. Мамандар МАЭК-тегі энергоблоктар іске қосылғанша осындай қадамға баруға мәжбүр екендерін жеткізді.
Жұмабай Қарағаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
МАЭК аптаның соңында өзінің 3-блокты іске қосуды жоспарлап отыр. Егер де толықтай режимге шығып аптаның соңында онда шектеулер барлығы толықтай алынып қалады. Үйді сумен қамтасыз ететін су сорғыштар бар. Лифттер бар енді уақытша сондай шектеулер болады қалада.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Айта кетейін, тамыздың 11 мен 13 күндері Ақтаудағы жылу электр станциясында 2 энергоблок істен шығып, апатты жағдайда өшірілді. Салдарынан Жаңаөзен қаласы мен оған жақын ауылдарға және 4 бірдей аудандағы елді мекендерге жарық шектеумен беріліп жатыр. Оған дейін МАЭК 545 МВт тоқ өндірсе, қазір 245 МВт тоқ беріп тұр. Ал облыс 550-600 МВт электр энергиясын тұтынады. Қазір мамандар күні-түні жұмыс істеп, энергоблогтарды жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауға күш салып жатыр. Жалпы номері 3-энергоблокты күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланған. Оның істен шығуына өндірістің тоқтаусыз жүргізілуі себеп дейді мамандар.
Аягөз Оралбайқызы