Астана 2030-2035 жылдары қандай болады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана 2030-2035 жылдары қандай болады?

07.08.2023

Астана 2030-2035 жылдары қандай болады? Бұл туралы бүгін үкіметте қала әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Азамат Бейбітұлы сол баяндаманы тыңдап, ең маңызды деген бағыттарын шолып, айтып бермек. Азамат, бас қаланың бас жоспары қандай екен?

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Астанада су тапшылығы жоқ. Елорданың әкімі Жеңіс Қасымбек үкіметте осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір сумен жабдықтау бойынша ұзындығы 44 шақырым су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүріп жатыр. 2035 жылға дейін судың қажетті қоры қамтамасыз етілмек. 


Демек Астанада бүгін һәм болашақта да суға қатысты шу болмауы тиіс. Тұрғындар құдық іздеп, бос құтыны даңғырлатып жүрмейді деп сенейік. Бірақ осыдан бірер ай бұрын ғана Астананың қақ ортасында көпқабатты тұрғын үйлерде су болмағаны есте. Хош, қала басшысы үшінші Жылу Электр Орталығының және екі газ жылу станциясының құрылысы туралы айтты. Қос станцияның қуаты 1 130 гигакалория. Үкіметте жол мәселесі де қамтылды. Биыл автожолдарды салу және жөндеу, сондай-ақ Тәуелсіздік көпірін аяқтау бойынша 30 жоба іске асырылады екен. Енді Тәуелсіздік даңғылы Қабанбай батыр даңғылына дейін жалғасатын болады. Бұдан бөлек, Кенесары көшесінің бастапқы жағында екі көпір салынбақ. Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы атап көрсеткен барлық мәселе бойынша қажетті шараларды іске асыруды жалғастыру керек деді. Сонымен қатар елорда әкімі үлескерлердің мәселелерін шешу, ірі кәріз-тазарту құрылысын жобалау, LRT жобасын жүзеге асыру және басқа да бірқатар мәселені пысықтау туралы айтып берді.


Баяндама бойынша Астананың болашағы баянды болатындай. Сондай-ақ Әлихан Смайылов жыл соңына дейін Елорда агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, оны Үкіметке енгізуді тапсырды.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу