Ақкенттегі өрт: Екі қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақкенттегі өрт: Екі қылмыстық іс қозғалды

02.08.2023

Алматыдағы көпқабатты үйде болған өртке қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Төтенше жағдай кезінде бір адам қаза тапқан еді. 43 тұрғын зардап шекті. Төрт бала аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір тұрғын үй маңында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен тұрғындарға ыстық тамақ пен жатын орын берілді.

Әкімдік өртенген тұрғын үй кешеніне жауапты компаниямен келіссөз жүргізіп, бүлінген баспананы қалпына келтіруге уағдаласқан. Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ. Айта кетейін, Алматыдағы «Ақкент» ықшамауданындағы 16 қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, 300 адам эвакуацияланды.

5-қабаттағы пәтердің бірінде шыққан өрт жан-жаққа тез тарап, лифт шахтасындағы электр сымдары да жанған. Салдарынан тұрғын үйдің ішін қою түтін алып кеткен. Тілсіз жауды ауыздықтауға 10-нан аса техника мен 50 маман жұмылдырылды.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу