Теміртаудағы апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртаудағы апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды

12.10.2017

Теміртаудағы металлургиялық комбинаттағы апаттан жапа шеккен 6 адамның бірі әлі ес-түзсіз жатыр. Мамандардың айтуынша, оның жағдайы ауыр. Комбинаттағы апат түске таман сағат он бір жарымда болған. Бұл уақытта жұмысшылар жөндеу жұмыстарын жүргізген. Төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себебін анықтау үшін комиссия құрылды.

Науқастардың үшеуі бүгін Қарағандыдағы Мақажанов атындағы ауруханаға жеткізілді. Барлығының да денелерін  бірнеше жерден күйік шалған. Дәрігерлердің айтуынша, олар кем дегенде екі апта ауруханада жатып ем алулары керек.

Видади Джамеледдинов, Мақажанов атындағы облыстық аурухананың дәрігері:

 - Құлақ, қол, иықтары күйген. Басқа да дене жарақаттары бар. Науқастардың бірінің терісі 10 пайызға күйген. Қалған екеуінікі 6 пайыз. Бұл айтарлықтай ауыр жарақат. Үшеуінің де саусақтары қатты күйіп қалғандықтан қимылдамай қалуы мүмкін.

Қалған үш науқас Теміртау қаласындағы орталық ауруханада. Олардың бірі әлі есін жимаған.

Сергей Лян, Теміртау қалалық №1 ауруханасы директорының орынбасары:

 - Барлық науқастың жағдайы ауыр халде. Беттері мен тыныс алу жолдары күйген. Оларға ем-дом көрсетілуде. Көмекке облыстан мамандар шақыртылды.

Комбинаттағы кокс батареясы маңында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан.  Осы кокс батареясын қыздыру үшін газ жіберетін құбырға бекітпе орнату қажет болған.

Андрей Маркин, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Еңбек және өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры:

- Олар бекітпені орнату үшін құбырды ашқан кезде жалын шыққан. Осы сәтте олар күйіп қалған. Неден тұтанғанын анықтап жатырмыз. Мұндай жерде ауада газ мөлшері көп болады. Сол себепті сақтандыру аппараты міндетті түрде қосылады. Жұмысшылар оны қосқан.

Компания өкілдерінің айтуынша, кокс батареясы 1994 жылдан бері  қолданыста. Бұрын-соңды мұнда апатты жағдайлар тіркелмеген. Мұндай кокс батареяларының пайдалану мерзімі 30-дан 50 жылға дейін екен.

Жалпы, облыстағы кәсіпорындар мен шахталарда биылғы жылдың 9 айында 123 жазатайым оқиға тіркеліп, 25 адам қайтыс болған.  Ал, нақ осы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында осыдан тура 1 ай бұрын 3 кенші шахтадағы апат кезінде көз жұмды. Соңғы төтенше жағдайдың себебін мамандандырылған комиссия анықтайды. Ішкі істер органы бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу