Шымкенттегі жарылыс: қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі жарылыс: қылмыстық іс қозғалды

21.05.2022

Шымкентте орналасқан Түркістан облыстық перзентханасының жанындағы дәріханада жарылыс болды.

Жойқын дүмпуден жаңадан туған нәресте мен 43 жастағы ер адам қаза тапқан. Тағы бірнеше азамат жарақат алды. Олар ауруханаға жеткізілген.

Оқыс оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Перзентхана маңындағы жарылыс түскі сағат 12-лер шамасында болған. Аспанға көтерілген шаңды тозаңнан түк көрінбей, іле шала қызыл жалын бұрқ ете түскен.

Жарылыстың жойқын болғаны соншалық, екі қабатты ғимараттың біраз жері қирап қалған. Сондай-ақ перзентханаға көрші тұрған бес қабатты тұрғын үйдің балкондары сынған. Сол маңдағы автокөліктерден сау тамтық қалмапты.

«Асар» шағын ауданында тұратын Балабек Тұрданов жарылыс болар сәтте перзентханада жатқан қарындасына тамақ алып келген. Көлік тоқтай бергенде алапат дүмпуден жан-жаққа ұшқан қиыршық тастар әйнегін тесіп өткен. Оның бірі машиненің алдыңғы орындығанда отырған бауырының басына тиіп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

Балабек Тұрданов, зардап шегуші:

Бәріміз машинаның ішіндеміз ғой. Бұрылып кеп тоқтап ем, жарылды. Үстінен түсіп жатыр. Ешнәрсе көрінбейді. Қарындас жарықшақ тиіп басы қанап кетті. Ауруханада операция жасап жатыр.

Жарылыстан медициналық мекеменің күзетшісі мен жаңа туған нәресте қайтыс болды. Көз жұмған сәби осыдан 18 күн бұрын дүние есігін ашқан үшемнің бірі екен. Тағы 8 адам жарақат алды.

Жарылыс перзентхананың жанындағы тұзды ерітінді дайындайтын дәріханада болған. Мамандардың болжамы бойынша ғимарат ішіне газдың жиналып қалуы төтенше жағдайға себеп болуы мүмкін.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

Ғимараттың көлемі 360 шаршы метр. Жарылыс солардың 130 шаршы метр жерінде болған. Екі қабатты ғимарат жарылған. Салдарынан 55 шаршы метрде өрт орын алды.

Жарылыс кезінде перинаталды орталықта 200-ге тарта науқас пен 65 медицина қызметкері болған. Олар құтқарушылардың көмегімен шығарылды. Сондай-ақ сол төңіректегі тұрғындар да уақытша көшірілді. Дәрігерлердің айтуынша жарақат алғандардың жағдайы бірқалыпты. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде. Қылмыстық іс қозғалды.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу