Қостанай облысында Аманкелді Имановтың 150 жылдығына орай мәдени-танымдық шаралар өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында Аманкелді Имановтың 150 жылдығына орай мәдени-танымдық шаралар өтеді

24.07.2023

Биыл Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің бас сардары Аманкелді Имановтың туғанына 150 жыл. Осыған орай Қостанай облысындағы батырдың есімін иеленген ауданда бірқатар мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылады.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Үрпекте Аманкелді батырдың ізі қалған. 1916 жылы бұл жер ұлт-азаттық көтерілісінің орталығына айналды. Мына тұрған көне мешіт ғимаратында Аманкелді сардардың штабы орналасқан. Патшаның жазалаушы әскерімен болған шешуші Доғал-Үрпек шайқасы да осы төңіректе өткен.

Доғал шайқасында көтерілісшілер патша әскеріне қарсы батыл тойтарыс беріп, Торғайға шегінуіне мәжбүр еткені тарихтан белгілі. Көп ұзамай Ақпан төңкерісі болып, қарулы қақтығыс біржола тоқтаған. Сол қан майданның куәгері Үрпек бүгінде Амангелді ауданындағы іргелі елдімекендердің бірі. Мұнда сардардың аталас туыстары да тұрады.

Мерей Иманов, Үрпек ауылының тұрғыны:

Иманнан Балық пен Үдербей және Бердәлі туады. Балықтан 9 бала. Соның бірі Көшімбек, одан Байегіз, Байегізден менің әкем Бақыт, ал Үдербайдан Аманкелді.

Мерей Иманов Үрпекте өмір бойы дәрігерлік қызмет атқарып келеді. Бала күнінде батырдың бел баласы Шәріптің көзін көріп, сөзін тыңдаған. Көктемде Үрпектегі осы даңқ аллеясы жөнделіпті. Аудан орталығында да мерейтойға дайындық жүріп жатыр.

Сүндет Ғаниев, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:

Стадионға шағын жөндеу жүріп жатыр. Көшені абаттандыру, жарық тарту, жолдарды дұрыстау – сондай жұмыстар жүріп жатыр.

Аманкелді батырдың сүйегі жатқан алаңға да күрделі жөндеу жасалады. Ал 1979 жылы ашылған сардардың мемориалдық мұражайы әбден тозып, төбесінен су ағып тұрған еді. Биыл оны қайта жаңартуға 67 млн теңге бөлінді.

Сахан Төленов, А. Иманов мемориалдық мұражайының директоры:

Төбе ғана емес, қыста суық, жазда ыстық, жылу желісі ескірген. Соның бәрі жөнделеді. Сырты дұрысталады.

Сардардың тойы Амангелді ауданының орталығында 7-9 қыркүйек күндері өтеді. Ауқымды мәдени-танымдық іс-шараларды республикалық деңгейде ұйымдастыру жоспарланған.


Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу