Жамбыл облысында жүк пойызы жолдан шығып кетті. Шойын жолдағы апаттан кейін 13 бағытта жолаушылар пойызы тоқтап тұр. Қазір аймақтың барлық вокзалдарында абыр-сабыр.
Жолынан қалған жолаушылар түннен бері вокзалға қонуға мәжбүр. Ал төтенше жағдайлар қызметі қауырт желіні іске қосып, жолаушыларға ақпарат таратуда.
Оқыс оқиға түнгі 2-лер шамасында «Аспара» станциясында болды. Тараз-Шу бағытындағы жүк пойызы жолдан шығып, 2 электровоз, тепловоз және 4 вагон аударылып қалды. Адамдар аман. Вагондардың біріндегі күзетші жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Апатты аумақтағы 50 метр шойын жол бүлініп, бірнеше электр бағаны құлаған. Қазір оқиға орнында екі қалпына келтіруші пойыз мен 30 дан аса қызметкер жұмыс істеп жатыр. Ал желілік полиция апатқа байланысты іс қозғады.
Әнияш Қалабаева, жолаушы:
Ақтөбеге жол жүріп бара жатырмыз. Үш сағатқа қарап кетті, жоқ қой әлі. Екіге дейін келсе жақсы болар еді, жүріп кететін.
Дидар Мүсретәлиев, Тараз вокзалының басшысы:
Екінші қабатта қонақ үйіміз бар. Ақтауға, Ақтөбеге жүретін жолаушыларды тегін жатқызып жатырмыз. Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бір сағаттың көлемінде жұмысты аяқтау керек.
Данияр Әлімқұл