Түркістанда ертең Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда ертең Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтеді

16.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді. Ал бүгін құрылтай қарсаңында шағын топтағы үш секцияның отырысы өтеді.

Қазір алғашқы екі секцияның жұмысы басталды. Фараб кітапханасындағы секцияда «Қоғамдық консолидация» тақырыбы, яғни қоғамды біріктіру мәселелері талқыланады. Отырысқа Президент әкімшілігі басшысының орынбасары әрі Ұлттық құрылтай хатшысы Аида Балаева модераторлық етіп отыр. Секция отырысына қатысушылар азаматтық қоғамды дамыту және этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заң жағынан реттеу, ұлттық идеологиялық күн тәртібін қалыптастыру ерекшеліктері, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі сынды мәселелері бойынша пікір алмасады. Сондай-ақ жеке талқылау блогы болады. Онда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру тақырыбы талқыланбақ.

Ал Ұлы дала елі орталығында өтіп жатқан екінші секцияда Ұлттық құрылтай мүшелері мәдени-рухани даму мәселелерін талқылап жатыр. Секциялар жұмысының қорытындысында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді. Үшінші секция түстен кейін «Білім және ғылым» тақырыбында өтеді. 


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу