Маңғыстауда мұнай-газ кен орнындағы өрт 4 күннен бері әлі өшірілген жоқ. Себебі, қызыл жалынды сөндірсе, жарылыс болуы мүмкін. Сондықтан әзірге жұмыстар тоқтатылды. Арнайы жедел штаб құрылып, шешімдер қабылдануда.
Айта кетейік, 9 маусым күні таңертең Ақтау қаласынан 277 шақырымда орналасқан «Қаратұрұн» кен орнындағы «Бузачи Нефть» серіктестігіне тиесілі бұрғылау ұңғымасынан өрт шықты. Мамандардың хабарлауынша, бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылап, содан өрт пайда болған. Жалынның биіктігі 1200 метрге жетті.
Арман Теңел, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығының міндетін атқарушы:
Газ-су қоспасы шығып жатыр, ол қазір субұрқаққа айналған. Ол бұрқақты ары қарай сөндірген жағдайда жарылыс қаупі бар. Біздің департаменттен сол өртке мамандандырылған арнайы техника жіберілді.