Ұлытау облысы қайта ашылғалы өңірде не өзгерді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Ұлытау облысы қайта ашылғалы өңірде не өзгерді?

Ұлытау облысы қайта ашылғалы өңірде не өзгерді?


Былтыр Қазақстанның 20 өңірінің алтауында халықтың шығыны табысынан асып кеткен. Мұндай деректі finprom.kz. сарапшылары келтірді. Атап айтқанда, Алматы, Жетісу облысы тұрғындарының шығысы кірісінен 14 пайызға көп болса, Шымкент қаласында 8,6 пайыз. Ал өңірлер бойынша ең көп табыс табатын елордалықтар. Екінші орында Қарағанды облысы болса, үздік үштікте былтыр ғана құрылған Ұлытау облысы.

Біз бүгін осы Ұлытау облысына ерекше тоқталмақпыз. Өйткені, халық табысының артуы тұрғындардың жайлы өмір сүріп жатқанының нақты көрсеткіші ме? Әлде өңірде адам аз болғандықтан, орташа табыс көлемі көп болып тұр ма? Негізі жаңадан құрылған аймақта ресми дерек бойынша 2 жарым мыңдай адам ғана жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Бұл ел бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4 пайыз, бірақ халық саны аз екенін де ескеру керек. Өңірдегі басты жұмыс орны «Қазақмыс» кәсіпорыны. Бірақ, ол жерде жұмыс істегісі келмеген жастар соңғы уақытта басқа қалаларға кетіп қалған.

Былтыр Қазақстан картасы өзгеріп, үш жаңа аймақ ашылғанда жезқазғандықтар ерекше қуанды. Себебі 1997 жылы Қарағанды облысының құрамына қосылған жезді өңірдің басты мақтанышы «Қазақмыс» компаниясы Қарағандыға тіркелген еді. Мыс өндіруден түсетін табыстың көп бөлігі орталыққа жұмсалып, Жезқазған жетімнің күйін кешті. Ал еншісін алғаннан кейін табыс өзімізде қалып, бюджет ұлғайып, қала көркейеді деп жұрттың сенімі оянды. Тіпті, бізге сұхбат бергенде жастар қайта оралса, қаламызға жан бітер еді деп көзіне жас алғандар болған. Сол кісілердің үміті ақталды ма? Аймақ дамуының басты бағыттарының бірі туризм болуы тиіс деп «Жошы хан» мазарының қасынан салынған жаңа кешенге құйылған ақша ше?

Жалпы, облыс қайта ашылғалы өңірде не өзгерді? Тілшіміз Аманкелді Сейтхан Жезқазғанға арнайы барып келген еді. Репортажын көрсек.

Естігеніңіздей тұрғындар пікірі әр түрлі. Бірақ, басым көпшілігі өздері күткен өзгерістің жоқ екенін айтты. Ел пікірін ести сала облыс әкіміне бардық.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
Қордаланып қалған проблемалар өте көп. Қаланың даму бас жоспарын өзгертіп жатырмыз. Тамыз айында бітуі керек. Бас жоспар қабылданғаннан кейін көптеген инвесторларға жер береміз. Қазір жер бере алмай отырмыз. Өйткені, инфраструктура жоқ, су құбыры жоқ, жылу жоқ. Біздің бюджетіміз өте аз болып тұр. Бәрін қосқанда 145 млрд теңге. Мысалы, Қарағанды облысымен салыстырғанда 3-4 есе төмен.
Бұл бұрынғыдан 30 пайызға көбейген бюджет. Ал «Қазақмысқа» қарасты компаниялар өңірге жақында тіркеліпті. Сондықтан, аймаққа қажетті қаржы көлемі алдағы уақытта артуы мүмкін. Бірақ, ол да жеткіліксіз. Себебі, қалада соңғы 25 жылда бірде бір жаңа ғимарат салынбаған.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
«Қазақмыс» «Спорт кешенін» осы дүйсенбіде бастайды. Бұрыннан бері бітпей тұрған объектілерді бітірумен айналысып жатырмыз. Құжаттары жоқ, көбі сотта, жоғалған. Сондай проблемадан проблема.
Мәдени-спорттық кешендер ғана емес, ауладағы ойын алаңқайлары да аз.

Дауылбай Байжантаев, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Бала ойнататын орын жоқ тіпті, бәрін бұзып тастады. Енді соны жаңартқан жоқ әлі, жаздың ортасы болды.
Медицина мәселесі де өзекті. Біз барғанда облыс әкімі 5 жаңа жедел-жәрдем көлігін табыс етіп жатты...

Әмірхан Қабден, жедел-жәрдем қызметшісі:
Бізде осы уақытқа дейін джак көлігі берілген еді. Оны ауыл аралығында көп жүргендіктен ішіндегі заттары салдырлап қалғаннан кейін осындай жаңа көлік беріліп жатыр.
Бұл көліктер 150 шақырымдағы елдімекендерге қызмет көрсетуі тиіс. Сондықтан, ақ халаттылардың сөзінше, 5 көлік жеткіліксіз.

Жібек Баймұханова, облыстық Жедел-жәрдем мекемесінің дәрігер-сарапшысы:
5 көлікті бөлгенде не қалады? Егер былай санап отырсақ шамамен 15 көлік керек жұмысымызға. Бар, көліктер бірақ білесіздер ғой мынадай жолмен сынып қалған.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Жезқазған көшелерінің жалпы ұзындығы 213 шақырым. Соның 55 пайызына асфальт төселген екен. Бірақ, сол асфальт төселген көшелердің өзінің 35 пайызы тозып тұр.
Қала ішіндегі көшелерді жөндеуге биыл бұрынғыдан 3 есе көп ақша бөлініпті.

Нұрбол Садықов, Жезқазған қаласы Жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі:

Ағымдағы жылға жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге қаражат бөлінді. 2021 және 2022 жылдары 1,1 млрд теңгеден бөлінетін.
Бұл қаржыға 10 көшені жөндеу жоспарланған. Ал аймақтағы республикалық жолдардың да сапасы нашар. Біз де Астанадан жеткенше дискіміз майысып, жолда қала жаздадық. Биыл Жезқазғаннан Арқалыққа барар жолдың 20, Қызылордаға барар жолдың 40 шақырымында жөндеу жұмысы басталған. Әсіресе, Қызылорда бағыты маңызды. Өйткені, көкөніс пен жеміс-жидектің бәрі сол жақтан тасымалданады.

Аманкелді Сейтхан, тілші:
Ұлытау, Жезқазған дегенде біздің көз алдымызға осы Жошы ханның мазары елестейді. Аймақта, осындай тарихи орындар өте көп. Сондықтан, 8 ғасыр бұрын салынған кесененің қасынан жақында мынадай су жаңа кешен салынған болатын. Бұл жерге Мемлекет басшысынң өзі келіп, өңірде туризмді дамытуды тапсырған. Бірақ, сол кешеннің қазіргі жай-күйі қалай?
Мұхтар Бақытұлы, «Жошы хан» кешенінің жетекшісі:
Жетімнің күйін кешіп отырған кешен бұл. Бұл мониторлар отырып жатыр, міне, қарайып істен шығып жатыр. Енді қытайдың былайша айтқанда ең арзан мониторы.
Былтыр кешенге 22 мың турист келген, биыл бір айдың өзінде 2 мың. Әсіресе, шетелдіктер көп.

Қуанышбек Керімбекұлы, турист /Қырғызстан азаматы/:
Қырғыстаннан боламын, Бішкекте тұрамын. Жошы ханның ордасын көріп кетейік деп келдік. Жақсы салыныпты, музей бәрі жақсы. Жол қатты қинады. Ұзағырақ, шағыл екен.
Кешенге қазір жаңа жол салынып жатыр. Оған 4 млрд теңге бөлінген. Бірақ, жол салынып жатқан аймақта Жошы ұрпақтары жерленген 4 күмбез бульдозер астында қалайын деп тұр, дейді кешен жетекшісі. Ал кешеннің өз келешегі бұлыңғырлау.

Мұхтар Бақытұлы, «Жошы хан» кешенінің жетекшісі:
Басты проблема бұл жерде жалақы. Мысалы, мынау автобус тұр. Оған жүргізуші жоқ. Өйткені, жалақысы 70 мың да болмайды. 4 штамымыз бар ғимаратты тазалайтын, аула сыпырушылардың 4 штаты бар, жүрген міне жалғыз аула сыпырушы қазір.
Айлықтың аз болатыны кешен Жезқазған қалалық «Достық үйі» мекемесінің бір бөлімі. Яғни, ауылдық клубтармен бір деңгейде. Сондықтан болар, мұнда интернет те ұстамайды. Келісімшарт бойынша оның жылдамдығы секундына 4 мегабит.

Жезқазғандағы жылу құбырлары да түгел дерлік ескірген. Соның салдарынан жаңа үйлер салу да қиын.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
Былтыр, міне, бір үйді соқтық. Қоса алмадық желтоқсанда. Біз оны қоссақ, ар жағындағы үйлер бәрі салқын болады. Биыл негізгі жұмыс жылу құбырларын кеңейтеміз.
Аймақта ауыз су мәселесі де өзекті. Ауылдар мен аудандандарды айтпағанда қала халқының өзі сапалы суға зәру. Биыл Үкіметтен 8 млрд теңге бөлініп, жаңа су тазарту кешенінің құрылысы басталған. Бұл соңғы технология арқылы салынып жатқандықтан жұмысты аяқтауға 2 жыл керек. Ал бүгін көрсеткен мәселелерді шешу үшін қанша уақыт кететіні белгісіз. Халық тезірек шешілсе деп үмітті. Айта кетейік, Ұлытау адам саны ең аз облыс. Былтыр аймақ халқы 220 мыңнан асатыны айтылған. Облыс ашылған бір жылда бұл көрсеткіш те айтарлықтай өспепті.

Аманкелді Сейтхан

Бөлісу