Президент бірнеше кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент бірнеше кездесу өткізді

09.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасымен кездесті. Астана халықаралық форумының жұмысына белсенді қатысқаны үшін Желька Цвияновичке алғыс айтты. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты дамытып, өзара тиімді ынтымақтастықты іске асыру үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ америкалық экономист, Нью-Йорк университетінің профессоры, Нуриэль Рубиниді қабылдады. Астана халықаралық форумына қатысып, әлемдегі сын-қатерлер туралы ой-пікірін ортаға салғаны үшін ризашылығын білдірді. Кездесуде жаһандық қаржы нарығындағы негізгі үрдістер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Total Energies компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және президенті Патрик Пуяннемен де кездесті. Алпауыт компанияның Қазақстанмен қарым-қатынасының негізгі аспектілері және энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту жайы сөз болды. Мұнай-газ химиясы саласындағы инвестициялық жобаларға қатысу перспективасы қарастырылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Sun Seven Stars Investment Group компаниясының тең төрағасы және Бас директоры У Чжэнді қабылдады. Қаржы саласындағы инвестициялық ынтымақтастық, цифрландыру және онлайн-сауда мәселелері талқыланды. У Чжэн өз компаниясының Астана халықаралық қаржы орталығы базасында Көміртегінің жаһандық цифрлық сауда орталығын ашу жоспары туралы айтты.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу