БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында Президент бірнеше маңызды кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында Президент бірнеше маңызды кездесу өткізді

26.09.2019

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше маңызды кездесу өткізді. Еуропалық Одақтағы негізгі серіктесіміз саналатын Финляндия бізбен арадағы сауда-экономикалық, логистикалық және технология саласындағы ынтымақтастығын бекемдей түспек. Ел Президенті Саули Ниинисте Қазақстан билігіне келген жаңа Президенттің арадағы әріптестіктің шекарасын бұрынғыдан да кеңейтеріне сенімді. Фин әріптесімен кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Молдова Президенті Игорь Додонмен келіссөз жүргізді. Додон осы жылдың мамырында Еуразиялық кеңестің отырысына қатысу үшін елорда келген еді. Президенттер ол кезде де екеуара кездесіп, біраз мәселенің басын қайырған. Ал бүгін экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның жұмысын жалғастырайық деп келісті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты келер жылы Молдоваға келуге шақырды. Ал Люксембург Премьер-Министрі Ксавье Бетелльмен «Астана» қаржы орталығы арқылы байланысты жандандыруға келісті. Қаржы әлемінің алпауыты Голдман Сакс компаниясы да «Астана» қаржы орталығының акционерлері қатарына кірді. Бүгін Президент компания директоры Дэвид Соломонмен іс-қимыл аясын кеңейтуге келісті. Ал белгілі америкалық саясаткер, Eurasia Group зерттеу және консалтингтік компаниясының негізін қалаушы және президенті Ян Бреммерді «Астана клуб» пікірталас алаңының жұмысына шақырды. 

Шынар АСАНҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу