Мемлекеттік рәміздер күні мерекесінде Шымкентте авто және велошабандоздардың шеруі өтті. Сондай-ақ «Ордабасы» футбол командасы ойынын тамашалауға жиналған 23 мың жанкүйер Әнұранды қосыла шырқады.
Мерекелік шаралар Рәміздер алаңынан бастау алды. Салтанатты жағдайда еліміздің Елтаңбасы мен Туы әкелініп, шаһар жұртшылығы зиялы қауым, ардагерлер және спортшылармен бірге Әнұранды қосыла шырқады. Мемлекетіміздің қастерлі белгілеріне құрмет көрсеткендер арасында боксшы Махмұд Сабырхан да болды. Жуырда ғана әлем чемпионы атанған спортшы рәміздер әсіресе халықаралық бәсекелерде жігеріңді жанып, жеңіске жетелейтінін айтады.
Махмұд Сабырхан, бокстан Әлем чемпионы:
Сол кезде Әнұран айтып, қазақтың көк Туын желбіреткеніме өте қуаныштымын. Әнұран айтқан кезде көзіме жас келді. Қазақ елі бірігіп қолдау көрсеткенде күш алдым.
Мерекеде әскери оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық әндер шырқалды. Әр тұрғынның қолындағы көк жалау елдің бірлігін айшықтай түсті.
Үрәлхан Сейілбекова, опера әншісі:
Үлкен сахнаға шығып, қолыңды жүрегіңе қойып, Әнұранды орындаған кезде шексіз жауапкершілік жүктейді. Әнұран айтқанда денеңді шымырлап, қауаныш билеп, керемет сезімде боласың.
Бойға мақтаныш сезімін ұялатқан осындай шаралардан соң 50 автокөлік пен 80 велосипедке мінген жігіттер көк байрақты қолға алып, мемлекеттік нышандарымыздың айбынын асқақтатты. Олар Ордабасы алаңынан бастап Бәйдібек би ескерткішіне дейінгі орталық көшелермен жүріп өтіп, көптің рухын көтерді.
Ғани Қалмаханов