Түркия президентінің инаугурациясы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия президентінің инаугурациясы өтіп жатыр

03.06.2023

Түркияда жаңадан сайланған Президенттің инаугурациясы қазір басталуы керек. Өткен жексенбіде сайлаудың екінші кезеңі өтіп, Режеп Тайип Ердоған басым дауыспен ел Президенті болып сайланған еді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Біз тұрған Анкарадағы Бештепе резиденциясында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның инаугурациясы жаңа ғана басталды. Салтанатты шара зеңбіректерден 101 рет оқ атумен ашылды. Ұлықтау рәсіміне 21 елдің президенті мен 13 елдің үкімет басшысы, сондай-ақ НАТО, Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты ондаған халықаралық ұйым басшылары қатысуда. Шақырылған қонақтардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаев та бар. Мәртебелі меймандар қазір біз тұрған Бештепе резиденциясының үлкен залында жиналған. Біраздан соң Режеп Тайып Ердоған шетелдік қонақтар алдында сөз сөйлейді.

Ал инаугурация басталғанға дейін Режеп Тайип Ердоған қала көшелерімен жүріп өтіп, одан кейін Парламент депутаттары алдында ант берді. Оған парламент төрағасы арнайы Президенттік белгіні табыс етті. Одан кейін Ердоған Ататүріктің Аныткабир мавзолейіне гүл шоқтарын қойды. Президенттік сайлаудың екі турында да басым дауысқа ие болған Режеп Тайип Ердоған осымен екінші рет жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жетіп отыр. Шамамен екі сағатқа созылатын салтанатты ұлықтау рәсімі аяқталған соң шетелдік қонақтар Түркия Президентінің Чанкая резиденциясына кешкі ас ішуге барады. Ал кешкі астан соң Ердоған жаңа үкімет мүшелерін жариялауы мүмкін деген де ақпарат бар.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу