Президент Қырғызстанда өтіп жатқан Орталық Азия Еуропа саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қырғызстанда өтіп жатқан Орталық Азия Еуропа саммитіне қатысты

02.06.2023

«Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымын 2025 жылға дейін 50 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік бар». Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен «Орталық Азия – ЕуроОдақ» саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Жиынға Қазақстан Президентімен қатар Еуро Кеңестің Президенті Шарль Мишель, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан басшылары және Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары қатысты. Саммит алаңынан Данияр Қайыртай толықтырады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Орталық Азия елдерінің басшылары үшінші апта түрлі интеграциялық платформалар аясында бас қосып отыр. Қытай мен Ресейде өткен саммиттерден кейін бүгін Ыстықкөл жағасында Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен С5+1 форматында кездесу үшін жиналды. «Орталық Азия-ЕуроОдақ» саммиті екінші рет өтіп отыр. Алғашқысы былтыр қазан айында Астанада өткен еді.

ЕуроОдақ Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның да ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Былтыр Еуропалық Одақтың Қазақстанға салған инвестиция көлемі 23 пайыз өсіп, 12,5 млрд долларға жеткен. Ал ЕуроОдақтың Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы үлесі 40 пайыздан асады. Мысалы, былтыр тауар айналымы 40 млрд доллар болған. Оны 2025 жылға дейін 50 млрд долларға жеткізу қажет деді Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда Еуропа капиталының қатысуымен құрылған 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Жан-жақты серіктестігіміз сирек металдарды игеру мен «жасыл» сутегін өндіру сияқты стратегиялық маңызды салалардағы жаңа келісімдермен нығайып жатыр. Бұл бағыттағы серпінді жоба ретінде Қазақстанда 3 млн тонна жасыл сутегін өндіруге арналған неміс-швед зауытының құрылысын атап өтуге болады. Ол Еуроодақтың осы өнімге сұранысының 20 пайызға жуығын өтей алады.

Қазақстан Еуропа елдеріне құны 2,3 млрд доллар болатын 175 түрлі шикізаттық емес тауар аталымын экспорттауға әзір деді Мемлекет басшысы. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуда да әлеуетіміз зор. Қазақстан жыл сайын 5 млн тонна астық пен 1,5 млн тонна ұнды экспортқа шығарады. ЕуроОдақ елдерімен де азық-түлік саласындағы тауар айналымы былтыр 35 пайыз өсіп, 1 млрд долларға жеткен. Келесі маңызды мәселе – көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Орталық Азия «Қытай – Еуропа» бағыты бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 80 пайыздан астамы үшін көпір саналады. Бұл ретте қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие болды. Жуырда Қытайға жасаған мемлекеттік сапарым аясында қытайлық серіктестерімізбен бірге Сиань қаласында логистикалық терминалдың іргетасын қаладық. Бұл порт Орталық Азия территориясы арқылы Еуропаға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберу үшін маңызды хаб болмақ.

Қазақстан мұнай мен газды тасымалдау жолдарын әртараптандыруды қолға алған. Қазір Еуропаға жеткізілетін Қазақстан мұнайының 80 пайызы Каспий құбыр желісі арқылы экспортталады деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал осы стратегиялық желі арқылы тасымал тұрақты әрі ұзақ мерзімді болуы үшін ЕуроОдақтың қолдауы маңызды екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әзербайжандық серіктестермен бірігіп Транскаспий бағдарын да дамытып жатырмыз. Мысалы, биыл «Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан» бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна көлемінде Қазақстан мұнайын тасымалдау жұмысы басталды. Сондай-ақ, Қазақстан «Достық» құбыры ақылы германияға мұнай жеткізе бастады. Жыл басынан бері 90 мың тонна тасымалданды. Оның жылдық көрсеткішін 1,2 млн тоннаға жеткізуге әлеуетіміз бар.

Президент экология мәселесіне де тоқталды. Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық офисін құруды әрі 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммитін өткізуді ұсынды.Еуроодақпен ынтымақтастықты дамыту – Орталық Азиядағы және Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты. Сондықтан халықаралық қауымдастық Ауған еліндегі гуманитардық дағдарысты тоқтатуға күш жұмылдыруды жалғастыра беруі керек деді Мемлекет басшысы. Аймаққа әсері бар тағы бір дағдарыс – Украинадағы ахуал.

Шарль Мишель, Еуропалық Кеңес Президенті:

Біз қиын кезде кездесіп отырмыз. Украинадағы шиеленіске қатысты аймақ елдерінің позициясы әрқилы екенін білемін және әрқайсының пікірін сыйлаймын. Ал Еуроодақ Украинаға көмектесуін жалғастыра береді. Біз бұл арқылы Украинаның ғана емес, басқа елдердің де аумақтық тұтастығын қорғап отырмыз.

Данияр Қайыртай, тілші:

Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ басшыларының келесі кездесуі ендігі жылы Өзбекстанда өтеді. Бүгінгі саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель «жабық есік» форматында екі жақты кездесу де өткізген. Олар жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу