Президент: Қазақстан Еуропа елдеріне 175 позиция бойынша шикізаттық емес тауар экспорттауға әзір - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Қазақстан Еуропа елдеріне 175 позиция бойынша шикізаттық емес тауар экспорттауға әзір

02.06.2023

«Қазақстан Еуропа елдеріне 175 позиция бойынша шикізаттық емес тауар экспорттауға әзір». Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен «Орталық Азия – ЕуроОдақ» саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мүмкіндігіміз барын айтты.

Данияр Қайыртай, тілші:

Орталық Азия елдерінің басшылары Ыстықкөл жағасында Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен С5+1 форматында кездесті. «Орталық Азия-ЕуроОдақ» саммиті екінші рет өтіп отыр. Алғашқысы былтыр қазан айында Астанада өткен еді. Бүгін сол отырыста көтерілген тақырыптар жалғасын тапты десе болады. Тараптар аймақтар арасындағы ынтымақтастық, саяси қарым-қатынас, салалық байланыс және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Ал Қазақстан Президенті Еуроодақпен арадағы қарым-қатынас жылдан-жылға нығайып келе жатқанын айтты. Биылдың өзінде Еуропа елдерінің Қазақстанға салған инвестиция көлемі 23 пайыз өсіп, 12,5 млрд доллар болыпты. Былтыр екеуара сауда байланысы 40 млрд долларға жеткен. «Оны 2025 жылға дейін 50 млрд долларға жеткізу қажет», - деді Қ.Тоқаев. Сирек металдар мен жасыл сутегін өндіруге қатысты жаңа келісімдердің маңыздылығына да тоқталды.

Қазақстан жасыл сутегі бойынша ЕуроОдақтың 20 пайыз қажеттілігін өтей алатынын айтты. «Қазақстан Еуропаға құны 2,3 млрд доллар болатын 175 позиция бойынша шикізаттық емес тауар экспорттауға әзір», - деді. Президент Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен Транскаспий дәлізін дамыту мәселесіне де тоқталды. Еурокеңес басшысы Шарль Мишель «Еуропа елдері Украинаның аумақтық тұтастығын қорғауға күш салуды жалғастырады», - деді. Әрі аймақ елдерінің геосаяси жағдайға қатысты позициясын түсінетінін айтты.

Ал Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары кез келген шиеленіс келіссөз арқылы шешілуі қажет деп есептейтінін жеткізді. Айтпақшы, саммиттің алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель «жабық есік» форматында екі жақты кездесу өткізген. Олар жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасты делінген «Ақорда» таратқан қысқа ақпаратта.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу