Ләззат Танысбай: Медиамектеп түлектері арасынан ізбасар мамандар тәрбиелеп шығару - ең басты мақсат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ләззат Танысбай: Медиамектеп түлектері арасынан ізбасар мамандар тәрбиелеп шығару - ең басты мақсат

31.05.2023

Ұлттық арна ұйытқы болған «Медиамектеп» жобасының екінші кезеңі аяқталды. Қара шаңырақта алты ай бойы тәлім алған студенттерге бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі арнайы сертификат табыс етті. Ұлттық арнаның бастамасы арқылы былтыр 30 студент тегін дәріс алып, тәжірибесін шыңдады. Олардың арасынан 10 маман қазір корпорацияда қызмет етіп жүр. Биылғы кезеңге қатысуға 90-нан астам өтініш келіп түсті. Арнайы іріктеу жүріп, бүгін 28 түлек сертификат алды. Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай медиамектеп түлектеріне еңбек жолын «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан бастауға мүмкіндік берілетінін атап өтті.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Кез келген өз-өзін сыйлайтын, өзіндік дәстүрі, жолы бар үлкен медиахолдинг ретінде медиамектеп ашады. Және өздерінің шәкірттерін өздері тәрбиелейді. Сондықтан осындай үрдісті «Qazaqstan» телеарнасы қолға алған. Және ол өз жемісін беріп отыр.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Біздің медиамектепті ашудағы басты миссиямыз сіздерге өз жинаған білімімізбен бөлісу, практикалық дағдыларымызды үйрету. Ертең сіздердің іштеріңізден 10 бала болса да біздің арамызға ізбасар болып, білікті маман болып қосылып жатса, ең үлкен жетістік бізге осы.
Медиамектеп - мүмкіндік алаңы. Елдің әр түкіпірнен келген жастар жарты жыл бойы медиада жүрген мықты мамандардан дәріс алды.

Ернұр Дүйсенғазы, Медиамектеп түлегі:

Алты ай ішінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қанша жылдан бері жинақтап келе жатқан үлкен тәжірибесін, құндылықтарын бойымызға сіңірдік деп ойлаймыз. Осы тәжірибемізді алдағы уақытта жұмыста қолданамыз.

Хабарламаларға жазылу