Қостанайлықтар түтінге тұншығып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлықтар түтінге тұншығып жүр

30.05.2023

Қостанайда қоқыс полигонындағы өрт бір айдан бері сөнбей бықсып жатыр. Соның салдарынан қаланың батысындағы шағынаудан тұрғындары түтінге тұншығып жүр. Әбден тығырыққа тірелген жергілікті жұрт экология департаментіне шағым түсіріпті. Қаланы ыстап, тұрғындарды сарсаңға салған қоқыс полигоны жайлы Дәуренбек Әбдібектің рептортажы.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Қостанай қаласының батысындағы бұл қоқыс полигоны 4 мамырдан бері осылай тоқтаусыз бықсып жатыр. Оны толық өшірудің жалғыз жолы үстіне қалың етіп топырақ үю. Өрт бастапқыда 10 га жерді шарпыған. Қазір соның 8 гектары құммен көміліп, толық өшірілген.

Қалған екі гектар жер әлі түтіндеп жатыр. Кей тұстарынан ашық от көрінеді. Жел батыстан соқса бықсыған түтін мен ыс иісі қалаға тарайды. Әсіресе полигонға жақын «Арман» және «Юбилейный» шағынаудандарының тұрғындары таза ауаға зар боп жүр.

Орынбасар Сәлпенова, қала тұрғыны:

Далаға шығып демалайын десең бір түтін. Бірдеңе жағады да жатады. Не жағатынын? Сасық иіс бір. Адамның көзін ашытады. Демалуға қиын.

Нақия Кемелова, қала тұрғыны:

Түтін иісі кешкілік таңертеңгілік шығады. Кейде иістен басымыз ауырып не істерімізді білмейміз. Тұншығып, ентігіп қаламыз. Жақын ғой мына жерден.

Полигон қызметкерлері бұл жерде өрт жиі шығатынын жасырмайды. Кейде шыныдан өткен күн сәулесінен тұтанады. Ұялы телефондардың батареялары жарылса одан да от шығады. Бірақ дәл осы жолы өрт полигон аумағынан тұтанған жоқ дейді.

Әли Самыратов, қоқыс полигонының басшысы:

Әуелі қолдан отырғызылған орман алқабы жанды. Содан соң қатты соққан желдің салдарынан от полигон аумағына өтіп кетті. Ашық жалынды өшірдік, алайда қат-қабат қоқыстың арасындағы шоқты бірден толық сөндіру мүмкін емес.

Қоқыс алаңында қауіпсіздік шараларының қаншалықты сақталғандығын экология департаменті тексеруге кірісті. Мамандар тап осы полигонда техникалық талаптардың бұзылуы бұған дейін де тіркелгенін айтады.

Қуаныш Елеусінов, Қостанай облысы бойынша бас мемлекеттік экология инспекторы:

2021 жылы да осындай өрт болып тұрғындардан шағым түсті. Тексеру барысында сақтық ережелері бұзылғаны анықталып, 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Ендігі тексеру қортындысы он күн ішінде шығады.

Яғни қандай да бір талаптың бұзылғаны анықталса тағы айыппұл салынады. Ал түтінге тұншыққан жұрт «полигон мүлде қаладан аулаққа көшірілсін» дейді. Қоқыс төгетін орын тұрғынжайлардан кемі 1000 метр қашық болуы тиіс. Қазіргі қашықтық 1250 метр. Санитар мамандар сондықтан полигонның орнын ауыстыру күн тәртібінде тұрмағанын айтады.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу