Квазимемлекеттік сектордың тендерлерінде көп мәселе ескерілмейді. Әсіресе мұнай-газ саласының тапсырыстарын орындайтын компаниялар сатып алудағы шарттар тиімсіз дейді. Соның салдарынан отандық өндірушілер негізсіз айыппұл арқалап, қосымша шығын көріп келеді. Владимир Свешников мұнай-газ саласына маманданған. Оның компаниясы әр-түрлі құрылғылар жасайды. Негізінен квазимемлекеттік сектордың тапсырыстарын орындап жүр. Сондықтан тендердегі тиімсіз талаптар азайса екен дейді.
Владимир Свешников, кәсіпкер:
Тапсырыс берушілер жоспар құрғанда тапсырыстың шын мәнінде қанша уақыт орындалатынын ескермейді. Мысалы, біз жоғары технологиялы құрылғыларды жасаймыз. Оның жабдықтары Сименстен жарты жылда келеді. Ал бізге бұған үш ай ғана уақыт береді. Яғни мен тапсырысты алғанда кешіккенім үшін айыппұл төлейтінімді алдын-ала білем.
Одан бөлек мердігердің көп уақыты келісімшартқа отыруға кетеді. Ал, өтінім мақұлданбайынша компания басқа байқауға қатыса алмайды. Энергетика министрлігінің өкілі бұл саладағы түйіткілдерді шешуге күш салып жатқанын жеткізді.
Асхат Хасенов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
Тиісті өзгерістер енгізілді қазіргі таңда. Мысалы, баяғыда егер де 90 күн алдын-ала төлеу көзделген болса, қазір 30 күнге дейін аванс берілетін болды. Ол жүйелі түрде қарастырылып жатыр. Қандай тетіктер, кемшіліктер бар шағын және орта бизнеске? Ол қарастырылып тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр.
Бірақ бұл мәселені түбегейлі шеше алмайды. Ол үшін дайындалып жатқан мемлекеттік сатып алу туралы заңда тиісті тетіктер қарастырылуы керек. Қазір нормаларды мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері талқылап жатыр.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі:
Әсіресе, мынау жергілікті компаниялардың қатысуына мүмкіндік жасау. Көп жерлерде бұл мәселе айтылып жүр.Сосын мынау қаржылық тұрақтылыққа байланысты, салық төлеуге байланысты, жұмыс орындарына байланысты. Соның бәрін біз заңмен ұштастырып жатырмыз. Себебі кез-келген бір күндік компания қатыспауы керек. Мүмкіндігі бар, жұмыс орнын ашатын, салық төлейтін компаниялар қатысуы керек.
Жаңа нормалар квазимемлекеттік және мемлекеттік сатып алу салаларын қамтиды. Яғни тендер ережесі баршаға бірдей болмақ. Жоба күзде Парламент талқысына шығады.
Серік Селеубайұлы