Екібастұзда тұрғын монополистен 500 мың теңге өндіріп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда тұрғын монополистен 500 мың теңге өндіріп алды

25.05.2023

Екібастұз қаласының тұрғыны жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорыннан 500 мың теңгеге жуық қаржы өндіріп алды. Ол сотқа монополист компания тарапынан келтірілген залал, яғни жылу өшірілген кезде пәтер ішіндегі батареялар мен құбырлар суықтан жарылып кеткендігін көрсеткен. Одан бөлек балалары ауырып, дәрі-дәрмек алуға қаржы жұмсаған. Сотқа жүгінбес бұрын «Екібастұзжылуэнерго» серіктесітігіне шығынды өтеп беру туралы жазбаша өтініш береді. Бірақ компания тарапынан жауап болмаған. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Екібастұз қаласындағы жылу желілерінен ақау шығып 170-тен аса көпқабатты үйдің құбыры қатып қалған болатын. Қыс бойы тоңып шыққан тұрғындар талай шағымданды. Алайда жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорыннан материалдық және моральдік шығын өндіріп алу дерегі алғаш рет тіркелді.

Агидель Ибраева, Облыстық соттың баспасөз хатшысы:

Сот отырысында шағымданушы монополист компания тарапынан келтірілген залалды дәлелдеп берді. Арыз талапта көрсетілген материалдық шығын бойынша 365 мың 740 теңге, ал, моральдік тұрғыдан 100 мың теңге өндіріп алды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Болат Аманбаев      

Хабарламаларға жазылу